Қоғам

Халықтың тұрмысын қалай жақсартуға болады – Назарбаевтың бүгінгі барлық тапсырмасы

Көпбалалы аналар мен бюджет қызметкерлеріне көмек: Назарбаев қандай тапсырма берді?
Sputnik

АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Бүгін "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Съезд барысында мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген партияның 2030 жылға дейінгі "Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" атты жаңа бағдарламасы қаралды.

Жалақы өседі

Назарбаев қазақстандық отбасылардың тұрмысын жақсарту шараларын күшейтуді тапсырды. Атап айтсақ, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда істейтін бір миллионнан астам азаматтың жалақысы көтеріледі.

Президент 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап:

  • бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке;
  • аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырды.

Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.

Қаржы министрлігі 21 мың теңге кімдерге берілетінін түсіндірді   

Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмек

Бүгінде Қазақстанда шамамен 340 мың отбасыда төрт және одан көп бала тәрбиеленеді. Жыл сайын балалары бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Қазіргі таңда 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады.

Съезд барысында Назарбаев:

  • атаулы әлеуметтік көмекті ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентіне дейін көтеруді (14 мың 849 теңгеден 20 мың 789 теңгеге дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 мың 698 теңге);
  • атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы балалары бар отбасыларды қолдау үшін көп балалы отбасыдағы әр балаға ең төменгі төлемді 20 мың 789 теңге мөлшерінде бекітуді;
  • осындай отбасылардың жиынтық табысын есептеген кезде, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы, шәкіртақы секілді жекелеген жәрдемақыларды есепке алмау қажет;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, оларды асырап алғандар мен отбасыларға 30%-ке процентке өсіруді тапсырды.

Атаулы әлеуметтік көмектің нәтижесінде биыл 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала қамтылады.

Толық емес отбасыларға көмек

Президент толық емес көпбалалы отбасылар үшін үйде жұмыс істеуге жағдай жасауды, ал ауылдарда тұратын көпбалалы отбасыларға микрокредиттер мен гранттардың жеке квотасын бөлуді тапсырды.

Сондай-ақ, президент әкімдер партияның "Бақытты отбасы" жобасын есепке алып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламаларын қайта қарастыруы қажет екенін қадап айтты.

Бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көбейеді

Қолжетімді баспана

Назарбаевтың тапсырмасымен, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар арасынан тұрмысы төмен отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады.

Сондай-ақ, ол көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, кірісі төмен отбасылар үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жүйесі арқылы 2-3 процентпен тұрғын үй несиесін ұсынудың жеңілдетілген тетігін әзірлеуді тапсырды.

Медицинаға бағытталатын шығындар

Президенттің айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметіне жұмсалатын шығын денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының жалпы көлемінің 40 процентінен 60 процентіне дейін ұлғайтылуы тиіс.

Назарбаев денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

"Нәтижесінде жеті өңірде стационарлық медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып, жылына 100 мыңға тарта пациент қамтылады", - деді ол.

Жол құрылысы

"Нұр Отан" партиясының съезінде президент Қазақстанда 12,5 мың автомобиль және 2,5 мың теміржол мен теңіз порты салынғанын айтты. Оның пікірінше, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беру қажет.

"Автобанды салу маңызды. Бірақ жолдың үйіңе дейін жетуі одан да маңыздырақ. Жергілікті жолдардың желісін кеңейту – үкіметтің басты міндеті. Оның жүзеге асырылуын партия қырағы қадағалауы шарт", - деді мемлекет басшысы.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев аталған міндетті орындауға 350 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Ол қаражатқа жолдар салынып, жергілікті өңірлердегі көлік инфрақұрылымдары, оның ішінде әуежай, автобус және темір жол бекеттері модернизациядан өтеді.

Жаңа заң қабылданғаннан кейін мұғалімнің жалақысы қанша болады?

Таза ауыз су мәселесі

Сонымен қатар президент халықты таза ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету қажеттігін мәлім етті.

"Сумен қамтамасыз етуге және су құбырын тартуға қосымша 140 миллиард теңге бөлу қажет. Сондай-ақ газ құбырын тартуға және электр желісін жүргізуге шамамамен 190 миллиард теңге қосымша бөлу керек", - деді ол.

Шағын және орта бизнес

Нұрсұлтан Назарбаев ауылдағы бизнесті дамыту бойынша Қытайдың тәжібесін пайдалану қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, елді мекендерде халық тұтынатын тауарларды өндіретін уақыт келді.

Осы орайда ол "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы жүзеге асырып, оны 2019-2021 жылдар аралығында қаржыландыру үшін 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

"Бұл шаралар алдағы 3 жылда бюджетке 1 триллион теңге көлемінде кіріс түсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2019-2021 жылдар аралығында Ұлттық қордан қосымша 350 миллиард теңге бөлу қажет", - деді Назарбаев.

Жемқорлықпен күрес

Президент халықтың күнделікті мәселесін шешуге "Нұр Отан" белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді. Ол партия мен президент әкімшілігіне мемлекеттік реформалардың тиімділігін бағалайтын орталық құру жөнінде тапсырма берді.

"Сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыстарды жалғастыра беру қажет", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент болашақ жастардың қолында екенін, сондықтан олардың мәселесі үнемі мемлекеттің бақылауында болуы қажеттігін атап өтті.