Саясат

Жаңа үкіметтің алғашқы отырысы: министрлер ант берді

Асқар Мамин жаңа құрам нақты нәтижелерге қол жеткізетін үкіметке айналуы керек екенін атап өтті  
Sputnik

АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Бүгін жаңа құрамдағы үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Жаңадан тағайындалған министрлер ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жаңа үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында министр лауазымына алғаш тағайындалған су жаңа министрлер халық пен президент алдында ант берді.

Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова қызметінен кетті
"Қазақстан Республикасының халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!", - деді министрлер.

Асқар Мамин үкіметтің жаңа құрамы нақты нәтижелерге бағытталған нақты істердің үкіметіне айналуы керек екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті

Айта кетсек, 25 ақпанда Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мәжілістің жалпы отырысы өтті. Мемлекет басшысы төменгі палатаның қарауына премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Президенттің жарлығымен Күләш Шәмшидинова білім және ғылым министрі, Бердібек Сапарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ал Роман Скляр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды.