Қоғам

 "Бәлесінен аулақ". Шенеуніктер бағалы сыйлықтарын неге өткізіп жатыр?  

Өткен жылы 60-тан астам жоғары лауазымды шенеунік мемлекетке 900-ге жуық бағалы сыйлық өткізді  
Sputnik

АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Қазақстанның шенеуніктері шетелдік қонақтардан алған бағалы сыйлықтарын мемлекетке өткізіп жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

2015 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметкерлерге кез келген сыйлықты алуға заңмен ("Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы"– Sputnik) тыйым салған. Оны алған адам сыйлықтың құнына, көлеміне қарамастан, жазаға, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық берген де, оны алған да жауапқа тартылады 

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ернұр Қайырбектің айтуынша, 2018 жылы мемлекеттік органдардағы жоғары лауазымды қызметкерлер 900-ге жуық сыйлықты мемлекетке өткізіпті.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша 60-тан астам мемлекеттік қызметкер бізге 900-ге жуық сыйлық өткізді. 800-ге жуық затты мемлекеттік органдарға тапсырып, қалған 120-дан астамын аукцион арқылы саттық. Нәтижесінде мемлекетке 700 мың теңге пайда түсті", - деді ол.

Сондай-ақ бөлім басшысы шенеуніктердің қандай сыйлықтарды өткізгенін айтып берді.

 "Бәлесінен аулақ". Шенеуніктер бағалы сыйлықтарын неге өткізіп жатыр?  

"Заттардың басым бөлігі – кәдесыйлар мен қымбат техникалар. Оның ішінде Apple watch сағаты, Apple mini планшеті, қымбат ноутбуктер, Montblanc қаламы, Huawei P9 plus ұялы телефоны бар. Аталған заттарды министрліктердің басшыларына Қазақстанға қонаққа келген шетелдік делегация өкілдері сыйлық ретінде берген. Ал шенеуніктер оны бізге тапсырып жатыр", - деді Ернұр Қайырбек.

 "Бәлесінен аулақ". Шенеуніктер бағалы сыйлықтарын неге өткізіп жатыр?  

Осы орайда ол лауазымды қызметкерлердің бағалы сыйлықтарын неге өткізіп жатқанын түсіндірді.

"Біз басшылардың сыйлықты тапсырған-тапсырмағанын тексермейміз. Оны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексереді. Олар 2 АЕК-ке (5050 теңге) дейінгі сомадағы сыйлықты алса, ол әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Ал сыйлықтың бағасы 2 АЕК-тен (5050 теңге) асса, басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан олар "бәлесінен аулақ" деп бағалы сыйлықтарын бізге тапсырады", - деді ол.

 "Бәлесінен аулақ". Шенеуніктер бағалы сыйлықтарын неге өткізіп жатыр?  

Шенеуніктер тапсырған барлық зат www.gosreestr.kz порталы арқылы аукцион арқылы сатылады. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Тек ол Халыққа қызмет көрсету қызметі орталығынан электронды цифрлы қолтаңбасын алса болғаны. Кейін аталған сайтқа кіріп, сатып алғысы келетін заттың кепілдік жарнасын төлеуі керек.  

Ақтөбеде сот хатшысы сыйлық алғаннан кейін өзіне қол салды
Мысалы, порталда дүкенде 145 000 – 194 000 тұратын Apple watch сағаты 66 257 теңгеге, елімізде сирек кездесетін, қымбат ұялы телефон Huawei P9 Plus 95 179 теңгеге, 290 000 теңгенің Garmin Fenin 5S cағаты 71 959 теңгеге, сауда үйінде 167 000 теңгеге сатылатын Montblanc қаламы бар болғаны 65 453 теңгеге сатылып кеткен.

"Өткен жылы сайттағы аукцион арқылы 120-дан бағалы сыйлық сатылды. Яғни Apple watch сағаты 66 мың 257 теңгеге, Montblanc қаламы 65 453 теңгеге, Huawei P9 plus ұялы телефоны 95 179 теңгеге, 12 дана кәдесый 95 200 теңгеге, Garmin Fenin 5S cағаты 71 959 теңгеге өткен, тағы басқа заттар сатылды. Нәтижесінде мемлекетке 700 мың теңге көлемінде пайда түсті", - деді Ернұр Қайырбек.

Сонымен қатар бөлім басшысы сатылмаған заттың жойылатынын атап өтті.

"Біз аукцион арқылы заттың бағасын төмендете береміз. Сатылмаса тағы да мемлекеттік органдарға ұсынамыз. Олар алмаған жағдайда ғана затты жоямыз. Бірақ осы күнге дейін мұндай жағдай болған жоқ. Өйткені затты жоюға бюджеттен ақша бөлінеді. Ал бұл – мемлекет үшін шығын", - деді ол.

Сөз соңында Ернұр Қайырбек шенеуніктер тапсырған сыйлықтар арнайы қоймада сақталатынын айтты.