Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 27 ақпан

Бұл Григориан күнтізбесінде 58-ші күн. Жыл соңына дейін 307 күн бар.
Sputnik

27 ақпанда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

         27 ақпанда қандай қызықты оқиға болды

Әр адам өмірді әртүрлі қабылдайды. Бірі өмірдің жаман тұстарын көбірек көріп, қиындыққа тап болған сайын қапаланып, қабағы ашылмай жүрсе, басқалары, керісінше, әр атқан таңына шүкіршілік етіп, үнемі көңілді жүреді. Міне, бүгін дәл сол өмірге әрдайым риза жандардың күні. Халықаралық оптимист күні жыл сайын аталып өтеді. Сондықтан, бүгін сүреңсіз өмір сүріп жатқандар "бұлт астындағы күнді" көруге тырысып, өмірге жаңа көзбен қарауға тырысқаны жөн.

Сондай-ақ, бүгін – Халықаралық ақ аю күні. Бұл күнді атап өтудегі негізгі мақсат – ақ аю туралы ақпаратты кеңінен таратып, оларды қорғауға қоғамның назарын аударту. Сонымен қатар, поляр мұзының еру проблемаларын шешу қажеттігі туралы да мәселе көтеріледі. Себебі мұздың еруі – ақ аюлардың жойылуының басты себебі. Жаһандық жылыну салдарынан Арктикада мұздың еруінен 2050 жылға қарай ақ аюлардың үштен екісі жойылып кетуі мүмкін. Мұнай кен орындарын игеру де бұл аңдардың өміріне қауіп төндіреді.

27 ақпан – АҚШ-та құлпынай күні. Жазда өсетін жемістің төл мерекесі неге қыста аталып өтеді деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Әдетте ақпан айының соңғы күндері Америкада көктем лебі сезіледі, ал ең алғашқылардың бірі болып пісетін құлпынайды "көктем дәмі" деп те жиі атайды.

Құлпынай әлемнің көптеген елінде өседі, алайда ең ірі өндірушілер қатарына АҚШ, Түркия, Испания, Египет, Мексика, Ресей, Мексика, Жапония, Оңтүстік Корея, Польша, Германия және Италия кіреді.

         27 ақпанда әлемде болған тарихи оқиғалар

1693 жылы Лондонда әйелдерге арналған әлемдегі ең алғашқы журнал – "The Ladies’ Mercury" жарыққа шықты;

1883 жылы сигараны орайтын автомат патенттелді;

1897 жылы жасанды дәмдегіш сахарин алынды;

1900 жылы Германияда "Бавария Мюнхен" футбол клубы құрылды.

         27 ақпанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

2004 жылы "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамы құрылды;

2006 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласында 30 көшенің атауы өзгерді;

2007 жылы Алматыда Литваның құрметті консулдығы ашылды;

         27 ақпанда әлемде туған танымал тұлғалар

1873 жылы көрнекті итальян теноры Энрико Карузо дүниеге келді;

1923 жылы кеңестік және ресейлік эстрада әншісі Гелена Великанова өмірге келді. РФ халық әртісі (1992);

1947 жылы кеңестік және ресейлік театр және кино әртісі, театр режиссері, сценарист, педагог, профессор Авангард Леонтьев туды. РКФСР еңбек сіңірген әртісі (1988). РФ халық әртісі (1995). Ресей Федерациясы мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1995);

1957 жылы кеңестік және ресейлік театр және кино әртісі, кинорежиссер, Ресейдің халық әртісі (2000) Татьяна Догилева өмірге келді (фильмдері: "Блондинка за углом", "Забытая мелодия для флейты", "Афганский излом");

1971 жылы ресейлік журналист, тележүргізуші әрі жазушы Эвелина Хромченко дүниеге келді.

         27 ақпанда Қазақстанда кімдер туды

1947 жылы денсаулық сақтау саласындағы белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, академик Абай Байгенжин өмірге келді;

1962 жылы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова туды;

1963 жылы Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров өмірге келді;

1966 жылы алтыншы сайланған мәжіліс депутаты Қанат Мусин дүниеге келді.

         Ай күнтізбесі

Ай Мерген белгісінде орналасады. Бүгін сүйіктіңізбен, туысқандарыңызбен және достарыңызбен арадағы түсініспеушілікті оңай шешуге болады. Егер көкейіңізді мазалаған сұрақ болса, біреумен сырласып, ақылдасудан тартынбаңыз. Эмоцияға ерік беріңіз.