Театрдың негізін кімдер қалады?
Алғаш сахнасында Қошмұхамбет Кемеңгерұлының "Алтын сақина" және Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек" пьесасынан үзінді көрсетілді. Театрдың құрылып, жұмысының алға жүруіне Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, ақын Иса Байзақов, әнші Әміре Қашаубаев, палуан Қажымұқан Мұңайтпасов көмектесті.
Мұнымен қатар, 1926 жылдың 5 қазанында театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болған Жұмат Шаниннің де өзіндік орны бар. Ол 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке бір топ әртіспен барып, қазақ өнерін әлемге паш етті. Кейін 1932 жылы Қырғыз драма театрының бас режиссерлігіне ауысты.
Тағы оқыңыз: Жасампаз "Жастар" театрының құрылу тарихы
1928 жылы театр қазіргі оңтүстік астана Алматы қаласына қоныс аударды. Араға екі жыл салып ұжымға Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Сейфолла Телғараев, Әбікен Хасенов, Қалкен Әділшінов, Жағда Өгізбаев, Атайбек Жолымбетов, Рабиға Есімжанова, Рахия Қойшыбаева, Шәкен Айманов, Сәбира Мұқанова және т.б.-лар қосылды. 1932-1938 жылдары Мұхтар Әуезов театрда әдебиет бөлімінің жетекшісі болды. Театрға арнап көркем пьесалар ғана жазып қоймай, әлемдік драматургиядағы көптеген шығарманы қазақ тіліне аударды.
Ұлттық драматургияны дамыту мақсатында Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев пьесалары сахналанды. Мұнымен қатар, Максим Горький, Николай Гоголь, Александр Островский, Карло Гольдони сынды авторлардың туындылары көрерменге жаңа кейіпте жол тартты.
1933-34 жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп шықты. Осы орайда, ұжымда әншілік қыры басым әртістер сол студияға ауысты. Бүгінгі таңда Абай атындағы опера-балет театры, республикалық Жамбыл атындағы филармония және "Қазақконцерт" осы қара шаңырақтан бөлініп шыққан әртістерден құрылған.
1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне барып қатысты. Орыс көрермендер назарына "Қыз Жібек" пен "Жалбыр" қойылымдары ұсынылды. Араға бір жыл салып театрға академиялық атағы берілді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда театрдың бірнеше актері майданға аттанып, майдан шептерінде өнер көрсетті.
1956 жылы Сәбит Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов", 1957 жылы Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек" пен Сәбит Мұқановтың "Майра" пьесасы қойылды. Бұдан өзге алғаш рет комедия жанрындағы Қуандық Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай!", Қанабек Бәйсейітовтің "Ой, жігіттер-ай!", "Бөлтірік бөрік астында", "Құдағи келіпті" қойылымдар көрерменге жол тартты. Осы уақытта негізінен Тахауи Ахтанов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков сынды авторлардың пьесалары сахналанды.
1958 жылы театр тағы да Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатысып, "Жалғыз ағаш орман емес", "Асауға-Тұсау", "Ақын трагедиясы", "Еңлік-Кебек" және "Шоқан Уәлиханов" сынды қойылымдарды қойды.
Театрға Мұхтар Әуезовтің есімі қашан берілді?
1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР министрлер кеңесінің қаулысымен қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.
Халық қаһарманы атағын иеленген Әзірбайжан Мәмбетов 40 жылға жуық уақыт Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында көркемдік жетекші болып жұмыс істеді. Ол өнер ордасында сахналаған "Ана-Жер-ана", "Қан мен тер", "Қарагөз", "Қара қыпшақ Қобыланды", "Абай", "Қозы Көрпеш-Баня сұлу", "Менің сүйікті ағатайым", "Көктөбедегі кездесу", "Біз періште емеспіз", "Кориолан", "Эдип патша" сынды спектакльдері ұлттық режиссураға жаңа серпін әкелді.
Театр тек Қазақстанда өнер көрсетіп қоймай, шетелге де гастрольдік сапармен барды. Олар — Франция, Иран елдері мен Ташкент, Бішкек, Нүкіс, Уфа, Қазан, Мәскеу қалалары. Ал 1981 жылы театр қазіргі ғимаратына көшті.
1988-1992 жылдары аралығында өнер ордасының репертуары "Кориолан", "Эдип патша", "Медея", "Генуядағы қастандығы" және "Ақымақ болған басым-ай" сынды қойылымдармен толықты.
Театр иеленген жүлделер мен марапаттар
1946 жылы театрдың құрылғанына 20 жыл толуына орай "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды. 1952 жылы "Абай" қойылымы үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Аталған туындының режиссері — Шәкен Айманов болды.
1970 жылы театр "Ленин 18 жылы" спектаклі үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1974 жылы "Қан мен тер" спектаклі үшін қара шаңыраққа КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. 1976 жылы театр "Халықтар достығы" орденімен марапатталды және "Құлыным менің" спектаклі үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1988 жылы театр Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықаралық І "Наурыз" фестивалінде "Біз періште емеспіз" спектаклімен жүлдегер атанды.
1991 жылы Қазақстан мен Орта Азия театрларының Ташкентте өткен ІY халықаралық "Наурыз" фестивалінде де жүлде алды. Мұнымен қатар, осы жылы "Үзілген бесік жыры" спектаклі үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1996 жылы Мысырда өткен халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінен "Абылайханның ақырғы күндері" қойылымының арқасында жүлдемен оралды.
1999 жылы түркі елдері театрларының Уфада "Туғанлық" ІІ халықаралық, 2000 жылы Германияда өткен "Жібек жолы" халықаралық фестиваліне, 2007 жылы Тәжікстанда өткен халықаралық фестивальге, 2008 жылы Қазақстан және Орталық Азия театрларының халықаралық фестиваліне "Сұлу мен суретші" спектаклімен қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
2012 жылы Дулат Исабеков драматургиясы бойынша өткен 1 халықаралық фестивальге "Жаужүрек" спектаклімен қатысып, арнайы жүлдені қанжығасына байлады. 2014 жылы Беларусь елінің Брест қаласында өткен "Белая Вежа" халықаралық фестиваліне "Бейбарыс сұлтан" спектаклін ағылшын тілінде ойнап, жүлделі оралды. 2015 жылы Түркияның Конья қаласыда өткен ҮІІІ "Мың тыныс және бір дауыс" атты түркі халықтары театр фестивалінде "Сұлтан Бейбарыс" спектаклімен табысты өнер көрсетті.
2015 жылы Ресей, Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен халықаралық "Наурыз" түркі халықтары фестивалінде "Қорқыттың көрі" спектаклін көрсетіп, театр өнері жоғары баға алды. Сондай-ақ, осы жылы Қырғызстанның "Арт-Ордо" халықаралық фестивалінде "Қас-қағым" қойылымымен бас жүлдені иеленді. Театрдың табысты күндері өз жалғасын тауып, қараша айында Атырау қаласында өткен Рақымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалінде "Сұлтан Бейбарыс" спектаклі үшін бас жүлдені жеңіп алды.
Мұхтар Әуезов атындағы театрда кімдер жұмыс істейді?
ХХІ ғасырда театрға Есмұхан Обаев жетекшілік жасап, ұжым тұрақты түрде алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен барды. Мұнымен қатар, шетелден Жанат Хаджиев, Хусейн Әмір-Темір, Нұрқанат Жақыпбай, Юрий Коненкин, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбеков, Михаил Ахмановтар, сондай-ақ көрнекті түркмен режиссері Какаджан Ашир, орыс режиссері Владимир Захаров және литвалық Йонас Вайткус секілді өнер майталмандары арнайы шақырылып, олар қазақ актерлермен тәжірибесін бөлісті.
Тағы оқыңыз: "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театры туралы қызықты деректер
2013 жылы театр басшылығына өнертанушы, драматург Еркін Жуасбек келді. Ал көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов болды. Кейін 2015 жылы театр басшылығына сахна шебері әрі театр басшысының орынбасары болған Ерлан Біләл келді. Ол Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп, Ғабит Мүсірепов атындағы театрда көркемдік жетекші қызметтерін атқарған. Актер Ерлан Біләл парамен ұсталғаннан кейін оны Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының жетекшісі Сәбит Әбдіхалықов алмастырды.
Бүгінгі таңда театрда жұмыс істеп жүрген актерлер — Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай, Жалғас Толғанбай, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқарова, Шынар Жанысбекова, Гүлшат Тұтова, Күнсұлу Шаяхметова, Нұржан Бексұлтанова, Назгүл Қарабалина, Берік Айтжанов, Зәуре Көпжасарова, Баян Қажнәбиева, Айзада Сатыбалдиева, Анар Бөкенбай; бұлардан кейінгі буын Наз Жекенова, Еркебұлан Дайыров, Ләззат Қалдыбекова, Гүлнұр Шыңғысова, Талғат Сағынтаев, Алмас Шаяхметов, Жасұлан Байсалбеков, Ботагөз Жақыпбекова, Арай Өмірова, Нұрлан Әбілов, Саяжан Құлымбетова, Ермек Бектасов, Салтанат Бақаева, Зарина Карменова, Ажарлым Бақытжанова, Ғалымбек Оспанов, Мерей Мұхтарұлы.
Мұнымен қатар, театрда КСРО халық әртісі, "Барыс" ордені иегері, КСРО мемлекеттік сыйлық иегері, PhD докторы және ғылым кандидаты, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, "Достық" орденінің иегері, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 2 жалпыұлттық тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының лауреаты; 3 ҚР мемлекеттік сыйлық иегері, 3 "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3 Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты, 3 "Отан" ордені иегері, 6 профессор, 6 "Парасат" ордені иегері, 9 доцент, 10 Қазақстанның халық әртісі, 11 Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 11 "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаты, 16 "Құрмет" ордені иегері, 21 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері қызмет етеді.
Ал театр репертуарында отандық және шетелдік классика мен бүгінгі драматургиядан 51 қойылым бар. Жалпы репертуардың 70%-і — қазіргі заман тақырыбындағы қойылымдар.