АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Асқар Маминнің премьер-министр болып тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Еңбек жолын қатардағы өндіріс қызметкерінен бастап бірінші вице-министрге дейін көтерілді. Өңірлердегі проблемаларды өте жақсы біледі, қиын кезеңде Астана әкімі болды, министр лауазымын да атқарды. Сондықтан президент қойған міндеттерді іске асыру Асқар Ұзақбайұлының қолынан келеді деп сенеміз", - деді Исимбаева мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Айтуынша, отырысқа қатысқан 106 депутаттың барлығы Маминнің кандидатурасын бірауыздан қолдаған.
"Басқалай болуы мүмкін емес еді", - деді мәжіліс спикерінің орынбасары.
Айта кетсек, бүгін президент мәжілістің жалпы отырысына қатысып, төменгі палата депутаттарының қарауына премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс аталған кандидатураны мақұлдады. Артынша Назарбаев Асқар Маминді премьер-министр қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.