Өңірлер

Телефонның IMEI кодын өзгерткен алматылық жігітті полиция ұстап әкетті

Телефон сатып алған жігіт құрылғының IMEI кодын қолдан өзгерткен
Sputnik

АСТАНА, 22 ақпан — Sputnik. Алматының сауда үйлерінің бірінде полиция ұялы телефонның сәйкестендіру кодын (IMEI код – Sputnik Қазақстан) өзгерткен ер адамды ұстады, деп хабарлады Алматының полиция департаменті баспасөз қызметі.

Қостанайлықтың телефонын жиі қоңырау шалғаны үшін бұғаттап тастады

Бұл оқиға кибер қылмысқа қарсы күрес аясындағы арнайы операция кезінде болған.

"Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгерткені үшін Г. есімді азамат ұсталды, ол ұялы телефонды сатып алғанда бастапқы IMEI кодын 000 000 000 000 000 етіп өзгерткен", - делінген ведомство хабарламасында.

Ұсталған азаматтың әрекетінде Қазақстанның қылмыстық кодексі 213-бабы "Абоненттік ұялы байланыс құрылғысының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту" бойынша қылмыс белгілері анықталды. Ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, арнайы операция кезінде интернетте алаяқтықпен айналысты деген күдікті ұсталды. Ер адам Instagram желісінде жалған атпен әрекет етіп, қолданушыларға "аз уақыт ішінде ақшаңызды еселеп беремін" деп уәде беріпті. Ол өзінің оқырмандарын әртүрлі криптовалюта мен биржаға инвестиция салуға шақырып, өз шотына 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін қаражат жіберуді ұсынған. Алайда ақша қалтаға түскен соң аңғал жандарды парақшасынан бұғаттап тастайды екен.

Қазір алаяқ кәсіпкер қамауда отыр. Құқық қорғау қызметкерлері күдіктінің әрекетінен қанша адам зардап шеккенін анықтап жатыр.