АЛМАТЫ, 22 ақпан — Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақтың сал-серілерін зерттеп жүрген мәдениеттанушы Бердалы Оспан Sputnik Қазақстан тілшісіне ел арасында сал мен сері атанғандардың ерекшеліктері жайында айтып берді.
"Сал-серілер өздерін қоғамда ұстауы шектен тыс еркін, ішкі дүниесі бөлек тұлғалар болған. Олар басқалармен сөйлескен кезде бастарын шалқайта ұстап, қарсы алдындағы адам кім болса да, оған жоғарыдан төменге қарағандай кейіп танытатын", — дейді зерттеуші.
Бердалы Оспанның айтуынша, сал-серілердің киім киістерінің өзі жұртты тамсандырмай қоймайтын. Олардың киімдерінің тігілуі қандай өзгеше болса, түсі де соншалықты ашық, түрлі-түсті болуымен менмұндалап көздің жауын алатын. Бас киімдері шоқтығы биіктігімен, ал сырт киімінің етегі мен шалбарларының балақтары шектен тыс кеңдігімен таң қалдыратын.
"Кейде мұндай шалбардың тек біреуін тігуге 9 бірдей қойдың терісі керек болатын. Ерекше киім көздің жауын алатын әдемі ою-өрнекпен көмкерілуі тиіс еді. Әдетте сал-серілердің қалпақтары алқызыл жібек матадан, ал басы қайқыланған етіктері осы түстес былғарыдан тігілетін. Мұндай қымбат әрі өзгеше киімдердің иесі болу үшін олар тігіншілерден еш нәрсе аямаған", — дейді зерттеуші маман.
Айтуынша, сал-серілердің шаш үлгілері де бөлекше еді. Олар шашын толығымен алып тастамайтын, әдетте тұлым мен кекіл қоятын. Сазды аспаптарын да ерекше көріп, түрлі құстардың қауырсындарымен әрлендіріп, түрлі-түсті етіп бояу олардың ежелгі салты. Олардың тағы бір ерекшелігі – киімдері мен мінген аттарының түстері де бірдей болған. Бұл қағиданы қатаң ұстанған Ақан сері Қорамсаұлы тарихтан белгілі.
"Сал-серілердің тағы бір ерекшелігі — олардың жібек арқанының ұзындығы. Арқаны неғұрлым ұзын болған салдың беделі де басқалардан биігірек деп есептелінетін. Сал-серілердің ең дәулеттілерінің арқанының ұзындығы 100 метрден асқан. Жетісулық атақты сал Дәурен Құдабайұлы Іле өзенінен өткенде арқанының ұшы сол күйінше арғы жағада жатқан екен", — дейді Бердалы Оспан.
Зерттеуші сал-серілердің сұлу, жүйрік ат десе ішкен асын жерге қойғанын айтады. Бәлен жерде басқалардан асқан арғымақ барын естісе, соны қолына түсірмей тынбайтын. Армандаған атына қолы жеткен соң, оны көптен күткен сәбиіндей мәпелеген.
"Су орнына сүт беріп, үстіне қымбат жабу жапқан. Атының құлағына алтын сырға тағып, мойны мен жалына моншақ іліп, аяқтары мен құйрығына күміс білезік кигізуді сән көрген. Төрт аяқты досының маңдайына үкінің қауырсынын ілген. Жолда аялдағанда сүйікті жануарының аяғын жібек арқанмен тұсаған. Ер-тоқымы, үзеңгісі, жүгені және өмілдіріктерін алтын және күміспен әдіптеген. Әдетте сал-серілердің аттарының соншалықты көркем көрінгеніне дүниесі асып-тасқан атақты байлар мен сұлтандар да қызығыпты. Серілер аттарын түрлі қимыл жасауға үйрететін болған. Олардың аттары иесінің айтқанын бұлжытпай орындайтын: жат десе жататын, екі аяғын жоғары көтеріп тұратын, тіпті билейтін де", — дейді Оспан.
Осы ретте мәдениеттанушы ақын Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері туралы айтқанын мысалға келтірді:
Бердалы Оспанның айтуынша, сал-серілердің тағдырдың өзі таңдаған, ойлау қабілеті мен өзін қоғамда ұстауы елден ерек, еш қалыпқа сыймайтын тұлғалар болғаны туралы ғалым-зерттеушілер де жазып кеткен. Олар сал-серілерді құпия тылсым күш иелері және басқалардан рухани биік деп қабылдайтын болған. Мәселен, Александр Затаевич өзінің 1963 жылы жарық көрген "Қазақ халқының 1000 әні" атты кітабында: "Салдардың түрлі қылықтармен жарысуының шегіне жеткені соншалық, олардың бірі бас терісінің астына үкінің қауырсынын қадаса, енді бірі басқалар ешқашан мұндай әрекетке бара алмайды деп, ауылдың ортасымен тыр жалаңаш күйінде жүріп өткен" деп жазған.
"Байырғы уақыттағы қазақ өмірінің қай тұсын болмасын сал-серілердің қатысуынсыз көзге елестету қиын. Сонау алыс та сұрапыл қақтығыс, шайқастарға толы жаугершілік замандарда, соғыс бола қалған жағдайда сал-серілер шетте қалмаған. Қайта керісінше, олар ешқашан қауіп-қатерден бас тартпаған. Шайқас алдында сал-серілер сарбаздардың алдына шығып жан аямай соғысуға үндейтін болған. Және де ерекше айшықты киімімен жаудың көзіне түсіп, оңай оқ тиетін нысана көзіне айналамын деп уайымдамаған. Сал-серілер, осылайша, өлімнің көзіне тура қарған жандар", — деп түйіндеді сөзін мәдениеттанушы.