Дерекқор

Жасампаз "Жастар" театрының құрылу тарихы

Жастар театры - өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі
Sputnik

Өзінің небәрі 12 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 10 бірдей гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы — жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем.

Жастар театрының құрылу тарихы мен ұжымы

Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы 5 шілдеде құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың "Шыңғысхан" спектаклімен түрді. Инсценировка авторы — Жаныш Құлмамбетов, қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры
Жас театрдың тұңғыш директоры қызметіне Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов тағайындалды. 2013-2015 жылдары театр тізгіні Айболат Сексенбаевта болды. Бүгінгі таңда бұл қызметті Ернар Жұматаев абыроймен атқарып келеді. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекші және бас режиссер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Театр актерлерінің 99%-і — Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, режиссер Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәрбиеленген шәкірттер. Жаңа театрдың іргесін қалап, өнердің үлкен даңғылына шыққан бір топ талапкер —  "Тұңғыш президент — Елбасы қоры" сыйлығының иегері Дәурен Серғазин, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты және президент стипендиясының иегері Әділ Ахметов, президент стипендиясының иегері Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Азамат Эсқұлов, Бақыт Хаджыбаев, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қалаушылар әрі жас та болса ұжымның аға буыны саналады.

Тағы оқыңыз:

Шымылдығын түрген күннен шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз театрдың өнер өлкесін мойындатуда республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапармен баруы жас труппаға үлкен серпін берді. Атап айтар болсақ, 2007-2008 жылдар аралығында театр ұжымы Батыс Қазақстан өңірі, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Павлодар облысы — Павлодар, Екібастұз, Ақсу; Қызылорда, Шымкент, Қарағанды сынды еліміздің ірі-ірі қалалары мен елді-мекендерін аралап, өз өнерін паш етті. Республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде өзгелерден оза шауып, жүзден жүйрік шығуы да Жастар театрының жұлдызын биік етті.

Жастар театрының алғашқы жүлделері

2008 жылдың қазан айында Шыңғыс Айтматовтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған Қырғыз Республикасы Бішкек қаласында өткен халықаралық АRТ ОRDО театр фестивалінде Шыңғыс Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған "Жан азабы" спектаклі үш бірдей номинация: "Ең үздік спектакль" — гран-при, "Жоғары деңгейдегі көркемдік шешімі үшін" және "Үздік сазды безендіру" аталымдарында марапатталды. Инсценировка авторы Нұрқанат Жақыпбай болды.

Дәл осы жылдың наурыз айында халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес, Николай Гогольдің "Ревизоры" жоғары бағаланып, "Ең үздік спектакль" — гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. 2009 жылдың сәуір, мамыр айларында театр ұжымы Алматы облысының 12 ауданы мен 36 елді-мекенінде қойылым қойып, гастрольдік сапарын сәтті өткізді.

2009 жылы Қарағанды қаласында 10 күндік өнер сапарын өткізіп, сонымен қатар, Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған XVII республикалық театрлар фестивалінде Данияр Саламаттың "Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы" спектаклі халық әртісі "Жәмила Шашкина" атындағы сыйлықтың иегері атанды. Осылайша кәсіби тұрғыда шыңдалған қызықты қойылымдарымен қарағандылық жұртшылықты тәнті етіп қайтты.

Сондай-ақ, театр ұжымы 2010 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың "Шыңғысхан" спектаклімен қатысып, "Үздік режиссер", "Үздік Шыңғысхан рөлі" аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен театр ұжымы актерлік, режиссерлік шеберліктерінің кәсіби деңгейде екенін тағы да дәлелдей түсті.

Жастар театрының талантты өнерпаздары 2010-2011 жылдары Тараз, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда қалаларында гастрольдік сапарда болып, өңір халқын өнерімен сусындатты.

2011 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып ұйымдастырылған XIX театрлар фестивалінде Сұлтан Раевтың "Меккеге қарай ұзақ жол" қойылымы "Ең үздік спектакль" — гран-при сыйлығының иегері атанды.

Осы жылдың қараша айында директордың орынбасары Ләзима Сайбанова Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің "Мәдениет қайраткері" белгісімен марапатталды.

2012 жылдың 9-13 сәуірі аралығында Ашхабад қаласында өткен "Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері" атты халықаралық театрлар фестивалінде Жастар театрының көрсеткен өнері жоғары бағаланып, арнайы дипломмен марапатталды.

Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры
Мұнымен қатар, Алматы қаласында қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында театрдың 5 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті. Қыркүйек айында Орал қаласында өткен Әзірбайжан Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестивалінде Николай Гогольдің "Ревизор" қойылымы гран-при — "Ең үздік спектакль" жүлдесіне лайық деп танылды.

2012 жылы Жастар театры мәдениет және өнер саласында Қазақстан Республикасы тұңғыш президент — Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атағы және "Соңғы жылдардағы спектакльдері үшін" белгісімен марапатталды.

Тағы оқыңыз:

2013 жылы Түркияның Конья қаласында өткен "Мың тыныс және бір дауыс" атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы диплом алды. Сондай-ақ, Эскишехир қаласының губернаторының арнайы шақыруымен Данияр Саламаттың "Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы" қойылымы көрермендер назарына ұсынылды.

2013 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында жазушы, драматург Тахауи Ахтановтың 80 жылдығына арналған ХХI республикалық театр фестивалінде Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" қойылымы "Ең үздік жастар образы" номинациясын иеленді.

"Астана-Опера" театры қазақ классикасының жауһарын сахналайды
2014 жылдың қыркүйек айы театр ұжымы үшін табысты болды. Қызылорда қаласында өткен Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII республикалық драма театрлар фестивалінде Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясымен топқа түскен Жастар театры ұжымы қазылар алқасының шешімімен "Ең үздік спектакль" — гран-при жүлдесін қанжығасына байлады.

2014 жылдың қазан айында Ақтау қаласында өткен Орта Азия мемлекеттерінің V халықаралық театрлар фестивалінде Гогольдің "Ревизор" қойылымы тағы да топ жарып, труппа мерейін үстем етті. Жастар театры ұжымы "Ең үздік спектакль" — гран-при және "Ең үздік ер адам бейнесі" жүлдесімен марапатталды.

2014 жылдың қараша айында Алматы қаласында өткен халықаралық "Откровение" театр фестиваліне Марк Левидің "Жер мен Көктің арасы" мелодрамасымен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Қойылым режиссері Дәурен Серғазин болған-ды.

2014 жылы театр режиссері Бекболат Құрманғожаевқа "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді. Желтоқсан айында театр актері Әділ Ахметов мемлекеттік "Дарын" Жастар сыйлығының иегері атанды.

2015 жылдың маусым айында Татарстанның Қазан қаласында өткен Түркі халықтарының ХІІ "Наурыз" халықаралық драма театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясымен қатысып, фестивальдің арнайы дипломмен марапатталды. Осы жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында ұйымдастырылған XXIIІ республикалық драма театрлар фестивалінде Сәкен Жүнісовтің "Тырау-тырау, тырналар…" драмасы "Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім" аталымындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ, 1 наурыздан бастап Жастар театры жаңа ғимаратқа ие болды. ІХ театр маусымының шымылдығын төл шаңырағында түрді.

2015 жылы театр актерлері: Ғани Құлжановқа "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді, Әділ Ахметов пен Жандәулет Батай президент стипендиясының иегері, ал 2016 жылы Дәурен Серғазин тұңғыш президент — "Елбасы қоры" сыйлығының лауреаты атанды.

2016 жылдың наурыз айында халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауға театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясымен қатысып, "Жылдың үздік режиссері" аталымында жеңімпаз деп танылып, Қазақстан театр қайраткерлері одағының "Еңлікгүл — 2016" кәсіби сыйлығының иегері болды.

2016 жылдың қыркүйек айында Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 25 жылдығына орай, Беларусь Республикасының Брест қаласында ұйымдастырылған "Белая Вежа" ХХІ халықаралық театрлар фестиваліне театр ұжымы Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтің "Шыңғысхан" әфсанасымен қатысып, "Ең әсерлі қойылым" аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды.

2016 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған "Қазақстан — Еуразия жүрегі" атты Орта Азия елдерінің VI халықаралық фестивалінде Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясы жүлделі І орынды иеленді.

Мұхамедиұлы театр әртістерінің қанша алатынын айтты
Қараша айында, жыл қорытындысы бойынша, театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай театр саласына қосқан қомақты үлесі үшін "Мәдениет қайраткері" аталымында "Жыл таңдауы" — "Алтын Адам" ұлттық сыйлығының иегері атанды.

6-7 желтоқсан күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай, Әбіш Кекілбаевтың "Нартәуекел" ("Абылай хан") халықтық қаһармандық драмалық дастанының премьерасы өтті.

Түрлі марапатты иеленген актерлер

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды. Сондай-ақ, атаулы мейрам қарсаңында театрдың актерлері: Ғани Құлжанов пен Бейбіт Құсанбаев, директордың орынбасары Ләзима Сайбанова  "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.

2017 жылдың наурыз айында халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауда театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай "Жылдың үздік режиссері" аталымында Қазақстан театрлар ассоциациясы тағайындаған "Сахнагер — 2017" ұлттық театр сыйлығының иегері атанды. Ал театр актері Мейірғат Амангелдин "Үміт" сыйлығымен марапатталды.

Сәуір айында Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясы Түркістан қаласында өткен қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына арналған түркі әлемі театрларының "Театр көктемі — 2017" халықаралық фестивалінің "Ең үздік спектакль" — гран-при жүлдесінің және "Үздік әйел бейнесі" (Катарина рөлі үшін Айнұр Рахипова), "Қойылымдағы ұтымды бейне" (Пертручио рөлі үшін Әділ Ахметов) аталымындағы жүлделердің иегері болды.

2017 жылдың 20-26 сәуірі аралығында Алматы қаласында қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында театрдың 10 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті.

Маусым айында Николай Коляданың "Тасбақа Үміт" психологиялық драмасы Ресей Федерациясы, Екатеринбург қаласында заманауи драматургия бойынша өткен ХІ халықаралық Коляда — PLAYS театр фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

Осы жылдың шілде айында Әбіш Кекілбаевтың "Нартәуекел" халықтық қаһармандық драмалық дастаны (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) Астана қаласында ұйымдастырылған Қазақстан ұлттық этникалық театрларының ІV республикалық фестивалінде "Тарихи тақырыптағы режиссерлік шешімі үшін (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) және "Үздік ер адам бейнесі" (Абылай хан рөлі үшін Әділ Ахметов) аталымында жеңімпаз атанды.

Жастар театры сахнасында көрерменге ұсынылар қойлымдар өзінің жоғары көркемдік деңгейімен, әлемдік театр мәдениеті жетістіктерін игеру біліктілігімен ерекшеленеді.

2017 жылдың қыркүйек айында Уфа қаласында өткен "Туғанлық" VI халықаралық түркітілдес театрлар фестивалінде Николай Гогольдің "Ревизоры" (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация "Кәсіби жабдық пен ансамбльдік ойын үшін", "Үздік музыкалық безендіру", "Екінші пландағы Үздік әйел бейнесі" (Анна Андреевнаның рөлі үшін Махаббат Мадғұлова) аталымдарында марапатталды.

Осы айда Бішкек қаласында өткен VI халықаралық ART-ORDО театр фестивалінде Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясымен (қойылым режиссері — Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) қазылар алқасының шешімімен "Үздік режиссер" жүлдесін қанжығасына байлады және Нұрқанат Жақыпбайға Қырғызстан театр қайраткерлер одағы, қоғамдық театр өнері академиясының академигі құрметті атағы берілді. 

Жасампаз театрға биыл 12 жыл

"Актриса болуды армандадым": Сара Алпысқызы бүгін туған күнін тойлап жатыр
Жастар театры ХІ маусымын 25 қазан күні театрдың 10 жылдық, театр көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған "Жанарымдағы жалғыз әуен" атты үздік қойылымдар фестивалімен шымылдығын түрді. Сондай-ақ, фестивальдің салтанатты кешінде арнайы Қырғыз елінен келген қонақтар, театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбайға театр өнеріндегі тың ізденістері үшін, режиссерлік жоғары шеберлігі мен Шыңғыс Айтматов шығармаларын кеңінен жаюда қосқан үлесі үшін "Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықты" табыстады.

Сонымен қатар, әлемдік театр өнерін дамытуда қосқан үлесі үшін және Қырғыз қаламгерлерінің шығармалары бойынша қойылған спектакльдерде ең үздік образдарды сомдағаны үшін театрдың негізін қалаушылары Әділ Ахметов және Дәурен Серғазин Қырғызстан Республикасы мәдениет министрлігі атынан "Құрмет грамотасымен" марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен "Астана Дарыны 2017" байқауында театрдың актері Мейірғат Амангелдин "Театр" номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, театрдың драма және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі Назерке Жұмабай "Журналистика" номинациясы бойынша марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында театр өнерімен қоса кино өнерінде талайды тамсандырып, көрермен жүрегінен орын алып үлгерген театр негізін қалаушылардың бірі Әділ Ахметов Астананың 20 жылдық дамуына кинематография саласына қосқан үлесі үшін "Астана-Ардағым" мерейтойлық сыйлығымен марапатталды.

Тағы оқыңыз:

2017 жылдың желтоқсан айында театрдың белгілі де белді актері, көптеген ертегінің қоюшы режиссері Бейбіт Құсанбаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі атынан "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, қазақ сахна өнеріне қосқан сүбелі еңбегі үшін Әділ Ахметов "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағының иегері атанды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік қарсаңында театрдың режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев және көрермендер жөніндегі директордың орынбасары, "ҚР Мәдениет қайраткері" Лазима Сайбанова ерен еңбектері үшін Астана қаласының бұрынғы әкімі Әсен Өрентайұлы Исекешев атынан "Алғыс хатпен" марапатталды.

2018 жылдың қаңтар айында белгілі театр және кино актері, Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов ҚР ұлттық ұланы "Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл" кеуде белгісімен марапатталды.

Қаңтар айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов ел мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті — Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.

Наурыз айында халықаралық театр күні мерекесі аясында "Жыл энергиясы" номинациясы бойынша "Алтын кулиса" премиясының жүлдесімен "Жасауыл" парабола әфсанасы марапатталды. Қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайткері Бекболат Құрманғожаев.

Тағы оқыңыз:

Сондай-ақ, театрдың актерлері Дәурен Серғазин, Ербол Тілеукенов жəне Айман Есенқызы Астана қаласының бұрынғы əкімі Əсет Өрентайұлы Исекешевтің атынан арнайы "Алғыс хатпен" марапатталды.

Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен 27 наурыз — халықаралық театр күні мерекесіне орай, театрдың негізін қалаушылардың бірі, талантты актер Дәурен Серғазин "Үздік актер" номинациясы бойынша "Саxнагер-2018" ұлттық сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, театрдың жас әрі талантты актриссасы Назерке Серікболова "Сахнагердің" арнайы "Үміт" сыйлығымен марапатталды.

Астанадағы орыс театры "Зың-зың" әніне ролик түсірді
2018 жылдың 19-21 мамыр күндері Астана қаласының мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен елордамыздың 20 жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында Жастар театрының Атырау қаласында өнер көрсетті.

Атыраулық көрермендер назарына 19 мамыр Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклін, 20 мамыр Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясын, 21 мамыр Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музықалық қойылымын ұсынды. Сонымен қатар, 22-23 мамыр күндері Құрманғазы атындағы мəдениет сарайында Жастар театрының гастрольдік сапары өтті.

Жастар театрының гастрольдік сапарлары

Гастроль барысында театр репертуарындағы 22 мамыр күні Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" сахналық повесін, 23 мамыр күні Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музыкалық қойылымын және 22-23 мамыр күндері жас бүлдіршіндерге арналған "Ұр, тоқпақ" халық ертегісін ұсынды. Атыраулық көрермендердің ыстық ықыластарына, зор қошеметтеріне бөленді.

2018 жылдың 26-28 мамыр күндері Астана қаласының мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен елорданың 20 жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында Жастар театры Ақтау қаласында өнер көрсетті.

Ақтаулық көрермендер назарына 26 мамыр Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклін, 27 мамыр Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музықалық қойылымын, 28 мамыр Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясын ұсынды. Сонымен қатар, 29 мамыр — 2 маусым күндері Жастар театрының гастрольдік сапары өз жалғасын тапты.

Гастроль барысында Каспийдің толқынынан жаратылған ақтаулық көрермендер назарына Форт-Шевченко қаласының мәдениет үйінде Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" сахналық повесін және Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музыкалық қойылымын, 30 мамыр күні Жаңаөзен қаласының "Мұнайшы" мәдениет үйінде Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" сахналық повесін және Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музыкалық қойылымын, 31 мамыр күні Мұнайлы ауданының "Қызылтөбе" аудандық мәдениет үйінде Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" сахналық повесін, 1 маусым күні Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының сахнасында Бердібек Соқпақбаевтың "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" сахналық повесін және Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясын, 2 маусым күні Нұрқанат Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" музыкалық қойылымын және Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклін ұсынды.

Жоғарыдағы гастрольдік қойылымдар өте жоғары деңгейде өтті. Театр сүйер қауымның және киелі маңғыстаулық көрермендердің ыстық ықыласына, зор қошеметіне бөленді.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы "Жаһандағы қазақстандық мәдениетті дамыту" жобасы аясында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің және Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен 2018 жылдың 5-14 маусымы аралығында Грузия мемлекетінің Гори қаласында өткен халықаралық "Комедия фестивалінде" өнер көрсетті.

Шығармашылық ұжым өнерін халықаралық фестивальдердің бірінде тамашалап, аса жоғары бағалаған Грузияның белгілі театр сыншысы Лаша Чхартишвилидің арнайы шақыртуымен фестиваль бағдарламасына іріктеусіз қабылданған Уильям Шекспирдің "Асауға тұсау" комедиясы 6 маусым күні Грузия өнерсүйер қауымының назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Тағы оқыңыз:

Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 10-16 маусым күндер аралығы Астана қаласының 20 жылдығына орай SAMGAU халықаралық театр фестивалінің VI маусымы өтті. Дәстүрлі түрде алтыншы мәрте шымылдығын түрген мәдени шараға Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстен, Сербия елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермендер назарына үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Астана қаласы әкімдігі Жастар театры Николай Гогольдің "Ревизор" трагифарсымен ашып, фестиваль қорытындысы бойынша Астана қаласы әкімдігі Жастар театрының актері Дәурен Серғазин "Үздік ер адам бейнесі" номинациясын иеленді.

Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай "Астанаға 20 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.

Шымылдығын түрген күннен шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз театрдың өнер өлкесін мойындатуда республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы, әртүрлі фестивальге қатысып бақ сынауы жас труппаға үлкен серпін беретіні айқын.

Осы тұрғыдан келгенде 2018 жылдың 22 маусым мен 9 шілде күндері аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі фестивальдердің бірі Daegu International Musical Festival (DIMF) Тэгудегі ХІІ халықаралық мюзикл фестиваліне театр репертуарындағы Ғабит Мүсіреповтің "Қыз Жібек" мюзиклі қатысуға лайық деп танылып, ресми шақыртуға ие болды.

15 күнге созылған аталған фестивальде қатаң іріктеуден өткен ұжымдар саны 34 болса, қойылымдар саны 80-ге жетіп жығылды. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе екені сөзсіз.

Фестивальде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклімен бақ сынап, арнайы дипломмен марапатталды.

Театрдың Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған шараларға қатысуы

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 17-21 қыркүйек күндер аралығында өткен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және көрнекті театр актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлар фестивалі аясында Астана қаласы әкімдігінің "Жастар театры" театр майталмандары мен көрермендердің қошеметіне бөленіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Республикалық дәстүрлі бұл байқауда Жастар театры Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклімен бақ сынап, "Үздік қойылым" иегері атанды.
Өткен маусымның жаңалығына айналған Ғабит Мүсіреповтің "Жібек" мюзиклімен Жастар театры жылашар бағдарламасын да жандандырып, ХІІ маусым шымылдығын түрді.

Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы не білеміз?
2018 жылдың 10-14 қараша күндер аралығында Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұйымдастыруымен белгілі режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формадағы сахналанған спектакльдердің ІІ республикалық театр фестиваліне Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Дәурен Серғазиннің режиссерлгімен сахналанған Николай Коляданың "Тасбақа үміт" психологиялық драмасымен бақ сынап, Тасбақа рөлі үшін белгілі актер Бейбіт Құсанбаев "Екінші пландағы ер адам рөлі" номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 12-17 қараша күндер аралығы Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында өткен "Айтматов және театр — 2018" халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті.

Бұл ауқымды фестивальде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Италия сынды мемлекеттермен қатар, Қазақстанның белгілі бірқатар өнер ордасымен бірлесе Жастар театры Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаевтың "Шыңғысхан" әфсанасымен бақ сынап, "Үздік қойылым" номинациясы бойынша жүлделі І орын иесі атанды.

Тағы оқыңыз: 

2018 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Астана қаласы жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға және қолдауға бағытталған "Елорда Жастар сыйлығы" байқауында театр актрисасы Шехназа Қызыханова "Театр" номинациясының жеңімпазы атанды.

10 желтоқсан күні Астананың Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми ауысқан күні. Осындай айтулы күннің аясында Астананың төрінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен алғаш рет "Елорда жұлдызы" сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Әсем қала Астананың мәдениетін дамытуға және Астананың атынан шет елдерде жоғары деңгейде өнер көрсеткендері үшін Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры "Елорда жұлдызы" сыйлығымен марапатталды.

Театр 2018 жылдың соңында үш бірдей марапатқа ие болды.

Елде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен танылып үлгерген "Анаға апарар жол" фильмі тағы да өз жемісін беруде. Нақтырақ айтар болсақ, осы фильм үшін ҚР президенті Жарлығымен театрдың танымал актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовке "Мемлекеттік сыйлықтың иегері" марапаты табысталды.

Сонымен қатар, Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, көптеген бейнемен қалың көрерменнің көңіл төрінен орын тепкен, тағы да театрдың белгілі актері Дәурен Серғазин "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағының иегері атанды. Үздіктердің қатарында болып, театрдың директоры Ернар Жұматаев қазақ театр өнерінің дамуына қосқан сүбелі еңбегі үшін "Құрмет ордені" белгісімен марапатталды.

Бүгінде театр репертуарында 40-қа жуық спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық қызықты қойылымдар.