Мәдениет

"Тағы да таңғалдырды" Димаш америкалық шоудың үшінші кезеңіне өтті – видео

Екінші кезеңде Димаш 94 балл, ал қарсыласы болған монах қызы 39 балл жинады
Sputnik

АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген The World's Best шоуының қазылар алқасы мен сарапшыларын тағы да таңғалдырып, үшінші кезеңге өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Екінші турда Димаш Құдайберген сахнаға ұлттық нақыштағы алтын түстес костюм киіп шықты. Отандасымыз Селин Дионның All by myself композициясын орындады.

"Жұлдыз туды", - деді әділ қазылар алқасының мүшесі, актер Ру Пол.

Екінші кезеңде Димаштың қарсыласы монах қызы Кристина болды. Кристина Бразилияда қайырымдылықпен айналысқан, кейін монах қыздардың діни қауымына кірген.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Кристина 39, ал Димаш 94 балл жинады.

Бұған дейін жобаға Қазақстан атынан қатысып жатқан Данэлия Төлешова да үшінші кезеңге жолдама алған еді. Жас әнші оң қолынан айырылған жапон скрипкашымен бақ сынасты. Данэлия Stone Cold композициясын орындап, қазылар алқасын өнерімен тәнті етті.

The World's Best – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған таланттар бақ сынайтын америкалық шоу.