АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Баспасөз хабарламасына сүйенсек, қос елдің басшылары әңгіме барысында екі жақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, ауқымын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Атап айтқанда, атом және баламалы энергетика саласындағы, сондай-ақ Қазақстанда мұнай мен газды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына назар аударылған.
Сонымен бірге, тараптар әлемдік мұнай нарығындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, мұнай экспорттаушы елдердің рөлінің маңызды екенін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары өзара ресми сапарларды ұйымдастыру туралы уағдаласты.
Телефон арқылы сөйлесуге Сауд Арабиясы жағы бастамашы болды.