АСТАНА, 17 ақпан — Sputnik. Қазақстанның өңірлерінде ауа райы жауын-шашынды әрі құбылмалы болады деп болжанып отыр. Бұл туралы "Қазгидромет" хабарлады.
Мегаполистердегі ауа райы
Астанада дабылды ескерту жарияланды, синоптиктердің хабарлауынша, 18-20 ақпанда жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады, күшті жел тұрады, оның екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін. Дүйсенбіде елордада күндіз де, түнде де ауа температурасы - 3-5 градус болады.
Алматыда дүйсенбіде 2-4 градус жылы болады, түнде – Цельсий бойынша минус 2-4 градус.
Шымкентте де дабылды ескерту жарияланды, 18 ақпанда тұман түсіп, желдің күші секундына 20 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 3-5 градус жылы болады, түнде – минус 2 градус.
Дабылды ескерту
Синоптиктер дүйсенбіде еліміздің басым аумағында ауа райы қолайсыз болатынын хабарлады. Алдағы үш күнде Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, желдің екпіні секундына 25 метрге күшейеді.
Алдағы екі күнде, 18-19 ақпанда Маңғыстау облысында синоптиктер тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжап отыр, секундына 25 метрге жететін күшті жел тұрады.
Ақтөбе облысында ертең бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ болады, секундына 20 метр жылдамдықпен жел тұрады.
Түркістан облысында 18 ақпанда тауларда қалың қар-жаңбыр жауып, кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда, желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жетеді.
Дүйсенбіде Қостанай облысында кей жерлерде бұрқасындатып, тұман түседі,көктайғақ болады, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.
18 ақпанда Қызылорда облысында дауылды жел тұрып, екпіні секундына 25 метрге жетеді.