Қоғам

"Байқамай қалдым" Ақтаулық экс-судья күтпеген мәлімдеме жасады

 Басшылықтан құқай көрдім деген ақтаулық экс-судья айтқан сөзінен айнып қалды
Sputnik

АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. Жоғарғы соттан қысым көрдім деп шағымданып, халықаралық құқық қорғаушылардан араша сұраған Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Мәлік Кенжәлиев бүгін өз сөзінен бас тартты.

Тәжірибелі судья жақында басшылықтан көрген құқайын видео үндеу арқылы көпшілікке жолдаған еді. Тіпті, өзіне қолдау қажеттігін айтқан ол АҚШ, Канада және Еруопарламент депутаттарынан көмек сұрады, деп хабарлады КТК.

Құрылысшыларды қорқытқан: Ақтаудың бас судьясы қызметінен қуылды
Айта кетейік, маңғыстаулық судья төңірегіндегі дау бір аптадан бері өршіп тұр. Алғашында ол жұмысынан босатылды. Бұған Кенжәлиевтің Каспий жағалауындағы үйін тұрғызған өзбек құрылысшыларының бригадирімен жанжалдасқаны түсірілген бейнежазба себеп болған.

Алайда, іле-шала судья барлығын экстермизм бабы бойынша айыпталған Айгүл Ақбердіні ақтап үкім шығарған әрекетімен байланыстырып келген. Бірақ, бүгін Астанада Жоғарғы сотқа келген Кенжәлиев саяси ойынның құрбаны болғанын айтады. Жымысқы қулық пен саяси технологияның ойынына айналдым деген ол, ешкімге наразылығым жоқ дейді.

"Соңғы кездегі маған қатысты оқиғалар менің көзқарасыма қайшы келетінін мәлімдеймін. Кейбір құқық қорғаушылардың саяси ұпай тауып, олардың ойынына тап болдым. Судья ретінде Айгүл Ақбердінің ісін қарау кезінде де олардың арбауына түсіп қалдым. Оны байқамай қалдым дер кезінде. Менің атымды олар сот жүйесі және мемлекетімізге деструктивті сын айту үшін пайдаланып отыр. Тағы да айтамын, ешкімнің құқықтық қорғауын қажет етпеймін. Менің аты-жөнімді саяси ұпай жинау үшін пайдалануды тоқтатуды талап етемін", - деді Мәлік Кенжәлиев.