ТАЛДЫҚОРҒАН, 16 ақпан – Sputnik. Талдықорғанда бір бөлмелі дачада тұрып жатқан көп балалы отбасы күтпеген жерден үйлі болды, деп хабарлады Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Ерлі-зайыпты он бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Көп балалы отбасы "Қызыл тас" саяжай алабында бір бөлмелі үйде тұрып жатқан болатын, бүгін Талдықорған тұрғындарының бірі отбасыға қала сыртындағы Өтенай ауылынан бес бөлмелі үй алып берді.
Талқыорған әкімдігі жаңа баспана иелеріне тиісті құжаттарды әзірлеуге көмектесіп, отағасын жұмысқа орналастыруға уәде берді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жаңа үйге иіс газынан хабар беретін құрылғы орнатты.
Көп балалы отбасылар тұрып жатқан тағы он үйге сондай құрылғылар орнатылған екен.
"Қала бойынша жеке компаниялардың бірі жүз шақты құрылғы орнатып бергелі отыр. Улы заттардың көрсеткіші артып кеткен жағдайда, үй иелеріне апат жайында хабарлайтын дыбыстық сигнал беріледі", - деп мәлімет берді өңірдің төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.