Оқиға

"Су мұздай болды" Астанада оқушы құдыққа құлаған баланы құтқарып қалды

Нәдір Омарғазиев пен оның досы үйге қайтар жолда құдықтың жанында жылап тұрған екі әйелді көріп, не болғанын білуге барады
Sputnik

АСТАНА, 15 ақпан — Sputnik. Оныншы сынып оқушысы Нәдір Омарғазиев Астанада ашық жатқан құдыққа құлап кеткен баланы қалай құтқарып қалғанын айтып берді.   

Жұма күні Нәдір досымен бірге колледжден қайтып келе жатып, жылап тұрған екі әйелді көріп қалады. Балалар не болғанын білейік деп, оларға жақындап барған.

Астанада ұландықтар құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарды
"Бірі құтқару қызметіне қоңырау шалып, екіншісі, анасы болса керек, жылап құдыққа қарап тұр екен. Алдымен ештеңе көрінбеді. Мұқият қарап едік, баланы көрдік. Ол айғайламады, ақырын жылап жатыр екен. Меніңше, ол есеңгіреп қалған", - деді Нәдір Sputnik Қазақстанға.

Алдымен Нәдір құлап кеткен баланы қолымен шығарып алуды жөн көріп, досына аяғынан ұстап тұруын сұраған. Бірақ құдық тым терең болып шықты.

"Көп ойланбай, секіріп түстім. Су мұздай, лай, сасық болды. Баланы аяғыма отырғызған кезде маған арқан тастады. Мен баланы байлап, шығарып алдым", - деп әңгімесін жалғады №39 мектептің 10-сынып оқушысы.     

Нәдір – көп балалы отбасындағы тұңғыш ұл. Оның төрт қарындасы мен бір інісі бар.

"Туған інім бар, оны ата-анам көп күткен. Оны қатты жақсы көремін. Мен оны әлгі баланың орнында елестеттім", - деді ол.

Әдетте жұма күні Нәдірге сабақ болмайды, алайда сабақты бейсенбіден бүгінге ауыстырыпты.

"Біздің кешкі мектепті колледжбен біріктіріп қойған. Бейсенбі күні біз сонда оқимыз. Алайда бұл жолы сабақ жұмаға ауыстырылды", - дейді ол.

Нәдір құдық ашық жатқан жерден аптасына бір рет өтетінін айтты. Бірақ ешқашан ашық құдықты байқамаған. Қазір құдықты бетон плиталармен жауып, қоршап қойыпты.