АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Төбелеске қатысқан бес полицей ішкі істер органдарынан шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Астана полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Желіде полиция қызметкерлерінің жаға жыртысып жатқаны түсірілген видео тараған болатын. Қызметтік тексерістен кейін тәртіп сақшыларын жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды.
"Тексеріс нәтижесі бойынша жол-патрульдік полиция ротасының командирі қызметінен босатылды, жол-патрульдік полиция басшылығы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Төбелеске қатысқан бес адам – екі учаскелік инспектор мен жол-патрульдік полицияның үш қызметкері ішкі істер органдарынан қуылды", - деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Айта кетсек, ролик Instagram мен Facebook желілерінде бірнеше парақшада жарияланған еді. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі өшірілді.