АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының кезекті жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау жастардың борышы екенін атап өтті.
"Қазіргі уақыттағы басқа жұрт желетін болса, біз шабуымыз керек. Себебі біз қалып қалған елміз. Ол біздің кемшілік емес. Тарих, тағдыр бізді солай етті. Көп жылдар Ресейдің қол астында болдық. Басты мемлекет өзінің шаруасын шешіп, бізге де көмегі тиген шығар. Бірақ, біз екінші орында болдық. Одан кейінгі саясат та бізге жол берген жоқ. Бірінші орынға бізді шығарған жоқ", - деді Назарбаев жеңімпаздармен кездесу барысында.
Назарбаев: дамыған 50 елдің қатарына қосылдық
Ол 27 жыл тәуелсіз ел үшін, тарих үшін бір мезет екенін атап өтті.
"Біз енді ғана қанатымызды жайып, дүниеге қазақтың кім екенін, қазақ деген мемлекеттің бар екенін дүниежүзіне паш еттік. 27 жыл тәуелсіз ел үшін түк емес. Осы жылдар ішінде осынша жастарды тәрбиелегеніміз үшін өзімді өте бақытты санаймын", - деді Елбасы.
Айта кетсек, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының екінші кезеңі жүзеге асты. Жобаға 2388 өтінім түскен. Сарапшылар тобы жоба талаптарына сәйкес келесі кезеңге өтетін 200 кандидатты іріктеді. Соңғы онлайн дауыс беру арқылы жобаның 29 жеңімпазы анықталды.