АСТАНА, 13 ақпан — Sputnik. Алматыда Гелендваген көлігімен 4 адамды қаққан жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды. Басты күдікті Ілияс Кар алғашқы сот процесінде өзіне тағылған айыптың жартысын ғана мойындады. 3 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға қатысты куәгерлер шақырылды.
"Өз айыбымды ішінара мойындаймын. Мас болды дегеп айыппен келіспеймін. Сонымен қатар, оқиға орнына кетіп қалды деген 374 баппен де келіспеймін. Мен сол жерде болдым. Ешқайда кеткен жоқпын", - деп мәлімдеді Ілияс Кар.
Жаңа жылдық отырыстан шыққан Ілияс Кар жол талғамайтын көлігімен Абай мен Сейфуллиннің қиылыстарында Мицубисиді бүйірден соғып, қарсы жолға шығарды. Тергеушілер оның ішімдік ішіп, жылдамдықты асырғанын алға тартады. Сол күні күдіктінің қасында болған туысы оны жоққа шығарып отыр, деп хабарлады КТК.
"Біз алдымен Жандосов-Айманов көшесіндегі "Дархан" мейрамханасына отырып, түнгі 1-ден кейін Жаңа жылдық отырысты "Гранд Операда" жалғастырдық. Ілияс мүлдем спирттік ішімдік ішкен жоқ. Тілек айтқанда тек кола ішкенін көрдім. Жалпы ол соңғы 2 жылда мүлдем спирттік ішімдіктен бас тартты. Себебі, онкологиялық аурудан емделіп Израильге барып келген", - дейді куәгер, Кардың туысы Таласан Қали.
Қайғылы оқиға 2018 жылдың 29 желтоқсанында таңғы 5-тер шамасында болған. Салдарынан Мицубисиді тізгіндеген жүргізушімен қоса, белгілі актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы қайтыс болды. Апаттан тірі қалған төртінші адам ем қабылдауда.
"Менің балапанымды басып өлтірген адамды кешірмеймін. Ондай адамға кешірім болмайды. Бір емес, үш адамды өлтіріп отыр. Мен 40 күн жыладым. Сөйтіп көзімнен айырылдым. Қазір бір көзімнен жас мүлдем тоқтамайды", - дейді актрисаның анасы Гүлжаһан Заманбек.
Тағы оқыңыз: Алматы полициясы Шолпан Елгезекованың қазасына қатысты мәлімдеме жасады