Саясат

Жаңа ішкі істер министрі тағайындалды

Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов басқа қызметке тағайындалды
Sputnik

АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрі болып Ерлан Тұрғымбаев тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда. 

"Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалсын", — делінген президенттің жарлығында. 

Ол Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалған Қалмұханбет Қасымовтың орнына келді. 

Ерлан Тұрғымбаев 2012 жылдан бері Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келді.  

Жаңа министр туралы не білеміз?

Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев 1962 жылы Алматыда туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1984) заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қаржы және несие факультетін (2003) экономист мамандығы бойынша бітірген.

Назарбаев министр Қасымовты қызметінен босатты
Еңбек жолы 1984 жылы Қарағанды облыстық ІІБ Саран ауданының ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел өкілі болып бастады.

Әр жылдары тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, ІІББ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.

2000- 2006 жылдары ҚР ІІМ 9-шы департаментінің бастығы, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы6 ҚР ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы болды.

2006 жылдың шілде айында Алматы қаласының ІІД бастығы қызметіне тағайындалды.

2012 жылдан бері Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.