Өңірлер

Түркістан облысында бесем туды деген ақпарат жалған болып шықты

Кеше әлеуметтік желі қолданушылары оңтүстікте бесем туғанын сүйіншілеп хабарлаған еді
Sputnik

ШЫМКЕНТ, 11-ақпан – Sputnik. Түркістан облысында 30 жастағы келіншектің бесем туғаны туралы ақпарат жоққа шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанның өңірдегі тілшісі.

Жексенбі күні әлеуметтік желілерде Түркістан облысында бесем дүниеге келгені туралы ақпарат тарап, сүйінші сұрағандар көбейді.

Әншілер, айтыскерлер, қоғам белсенділері суретті жарыса жариялап, қуанышты жаңалықпен бөлісіп жатты. 

Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Басқарманың баспасөз хатшысы Мира Мүсілімнің айтуынша, "Түркістан облысында 30 жастағы келіншек 5 бала туды" деген әлеуметтік желілерде тарап жатқан жазба жалған. Өңірде бесем туғаны жөнінде ешқандай дерек тіркелмеді.

"Бұл жазбаны ресми түрде жалған екенін хабарлаймыз. Мұндай қуанышты жаңалық болған жағдайда басқарма бірінші болып мәлімдейтін болады", - деді баспасөз хатшысы Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Айта кетсек, желі қолданушыларының қызу талқысына түсіп, жұртты қуантқан жазба мен дәл осы сурет өткен жылы сәуірдің 1-і күні де жарияланған болатын. Көпшілік сүйіншілеп болған соң бұл 1-сәуір - күлкі, алдау күніне арналған жаңалық екені айтылды.