ШЫМКЕНТ, 11 ақпан – Sputnik. Шымкентте жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, салдарынан екі адам зардап шекті. Жансақтау бөліміне түскен оларға дәрігерлер шұғыл ота жасады. Ал оқиға орнында жұмыс істеп жатқан полиция қандай заттың жарылғанын анықтауда, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанның өңірдегі тілшісі.
Жарылыс қаладағы Еңбекші ауданы Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Осы ауданның тұрғындары таңғы сағат он жарым кезінде қатты жарылыстың үнін естиді.
"Қатты қорқып кеттік. Үйдің жан-жағын жарты сағаттың ішінде полиция қоршауға алды", - дейді Салима Өскенбаева есімді тұрғын.
Таңғы сағат он бірден бері оқиға орнында полицейлер, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен әскерилер жұмыс істеп жатыр.
Жарылыс болған үйде жас отбасы үш баласымен бірге тұрады. Таңертең әйелі жұмысқа кеткен, ал екі бала балабақшада, біреуі мектепте болған. Отағасы үйде жалғыз қалған екен. Жарылыс кезінде зардап шеккен екінші адамның кім екені әзірге белгісіз.
Екеуін жедел жәрдем бірінші қалалық ауруxанаға жеткізеді. Жансақтау бөліміне түскен оларға бірден ота жасалды, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ал қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта тұрғын үйде қандай заттың жарылғаны анықталып жатыр.