Өңірлер

Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын жариялады

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы күндері ауа температурасы климаттық мәнге жақын болады
Sputnik

АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Қазгидромет 2019 жылдың 12-14 ақпан аралығына ауа райы болжамын жариялады.

Бүгін Қазақстанда қандай жолдар жабық?

Қазақстандағы қатты аязға себеп болған солтүстік-шығыс тропосфералық ауа ағындары батыс және оңтүстік-батысқа қарай ығысқандықтан, алдағы үш тәулікте ауа температурасы климаттық мәнге жақын болады, дейді синоптиктер.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріне циклон әсер етіп, оңтүстік және оңтүстік-шығыста күн жылынып, жауын-шашын түседі. Ал қалған аймақтарда антициклонның ықпалымен ауа райы жауын-шашынсыз, күн ашық болмақ.

Ірі қалалардағы ауа райы

12 ақпанда Астанада ауа температурасы түнде 21 градус аяз болса, күндіз -11 градусқа дейін көтеріліп, қар жауады. Алматыда түнде 3 градус жылы, күндіз 2 градус нөлден төмен. Шымкентте түнде 4 градус нөлден жоғары болса, күндіз +13 градусқа дейін жылынады.

Қазгидромет ақпан айында ауа райы қандай болатынын айтты

13 ақпанда елордада ауа температурасы түнде -14 градус, күндіз -11 градус болады. Алматыда түнде 7 градус аяз, күндіз 4 градус нөлден төмен. Шымкентте түнде +5 градус болса, күндіз 11 градус жылы болып, жаңбыр жауады.

14 ақпанда Астанада түнде 18 градус аяз, күндіз 10 градус нөлден төмен. Оңтүстік астанамызда түнде 4 градус суық, ал күндіз 1 градус жылы. Шымкентте түнде +6 градус, күндіз +3 градус жылылықты көрсетіп, тәулік бойы жаңбыр тоқтамайды.