Қоғам

Ішек жұмысын жақсартудың өте оңай әрі тиімді әдістері

Ғалымдар ішектерді тазартып, жұмысын жақсартудың ең тиімді әдістерімен бөлісті
Sputnik

АСТАНА, 10 ақпан - Sputnik. Британ дәрігерлері мен ғалымдары ішек жұмысын жақсартып, ас қорытуды жеңілдететін бірнеше қарапайым әдісті атады. Мамандардың кеңесі Telegraph газетінде жарияланған.

Ғалымдар қатерлі ісіктің асқынып кетуіне жол бермеудің әдісін тапты

Рединг университетінің тағам микробилогиясы профессоры Гленн Гибсонның айтуынша, адамның иммун жүйесінің 70 пайыз ресурсына ішек жұмысы жауап береді. Яғни, адам ағзасы зиянды микроағзалармен, күйзеліс және артық салмақпен қалай күреседі – бәрі соған байланысты.

"Ішектердің жалпы адам денсаулығының дұрыс болуында атқаратын рөлі аса зор. Себебі онда сансыз көп бактерия өмір сүреді. Өздеріңізге белгілі, жақсы бактериялар зияндылардан басым болуы тиіс", - деп түсіндірді профессор.

Бірінші кеңес – жасұнықты көбірек жеу. Ол көкөністер, жемістер, бұршақ тектестер, бүтін дәнді макарон өнімдері құрамында кездеседі. Әсіресе үш көкөніс жасұныққа бай: сәбіз, брокколи және қауын.

"Ішектегі пайдалы және зиянды бактериялардың арасында тепе-теңдіктің болмауы, оның жұмысына ғана әсер етіп қоймай, көптеген созылмалы ауруды туғызуы мүмкін – ішектің қабынуы, артрит, метаболизм дерттері, семіздік пен диабет", - дейді диетолог Мэтт Перкинс.

Екінші кеңес -  тәтті әрі майлы тағамды аз жеу.

Дәрігерлер қатерлі ісіктің ең қорқынышты түрлеріне қарсы ем ойлап тапты

"Қант ішектегі Candida albicans деген саңырауқұлақтарды құнарландырады. Бұл саңырауқұлақтардың негізінде еш зияны жоқ, бірақ шамадан тыс көбейіп кетсе, ішектің жұмысына зардабын тигізіп, шаршау, терінің бөртуі, уылу және тырнақ зеңіне ұшыратады", - деп атап өтті диетолог Дженни Боденхам.

Ішекті тазарту үшін күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішу керек.

"Су ас қорытуға көмектесіп, ағзаны минералдар және нәрлі заттармен байытады. Күніңіз бір стақан сумен басталсын, сергіп қаласыз", - деп кеңес берді диетолог Кайса Эрнестам.

Тағы бір жақсы әдіс – йогурт, мисо көжесі сияқты пробиотиктерге бай және құрамында пребиотиктер көп азық-түліктерді пайдалану. Пребиотиктер пияз, сарымсақ, цикорий, бұршақ және картоп құрамында кездеседі.

Қандай тағамдар адам өмірін қысқартатыны анықталды

Доктор Гаральд Стоссьер арнайы массаж жасауға кеңес берді. Ол үшін асқазан тұсынан бастап қасаға сүйегіне дейін қатты батырмай уқалау қажет, содан соң кіндіктің айналасын шеңбер бойымен сағат тілінің бағыты бойынша сипайсыз. Уқалау шеңберін біртіндеп үлкейтіп, қабырғалар мен жамбас сүйегін қамту қажет. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, бұл тоқ ішектің жұмысын жақсартады. Массаж қимылдарының әрқайсысын 50 рет қайталаған жөн.

Тағы бір маңызды кеңес – күйзелістен бойды аулақ ұстау. Кез келген стресс кортизол гормонын өндіреді, ал ол ас қорытуға зиян келтіреді. Кортизолдың кесірінен, доктор Джо Траверстің айтуынша, қан айналымы бұзылып, ішек секрециясы зардап шегеді, пайдалы микрофлораның орнына зиянды бактериялар көбейіп кетеді.

Мамандардың пікіріне жүгінсек, асқазан-ішек жұмысының дұрыс болуы адамның бүкіл ағзасына әсер етеді. Ішектер дұрыс жұмыс істемесе, әртүрлі дертке әкеп соғуы ғажап емес – нашар иммунитеттен бастап депрессия сияқты психологиялық ауруларға дейін.