АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Елімізде ерекше күтімді талап ететін балаларды әлеуметтік қорғаудың тетіктері қарастырылған, деп хабарлайды Елорда Ақпарат.
Сонымен қатар, өмірде қиын жағдайға тап болғанда, оған қажетті дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметті алу үшін жылына бір рет 13 АЕК (32 825 теңге) көлемінде әлеуметтік біржолғы төлем беріледі. Сол сияқты ерекше күтімді талап ететін баланы үйден оқыту мақсатында 6,5 АЕК (16 413 теңге) көлемінде өтеу төленеді.
Аталған көмектен бөлек, ерекше күтімді талап ететін мүшесі бар отбасы санаты бойынша баспана кезегіне тұру мүмкіндігі бар. Және үй күтімінде стационар мен жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметті пайдалануға болады.
Әлеуметтік қолдау қатарында қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру де қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы 2019: кімге, қалай және қанша төленеді?
Мүгедек жандарға берілетін жәрдемақы:
1-топ — 57 021 теңге,
2-топ — 45 438 теңге,
3-топ — 30 886 теңге.
Мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы:
16 жасқа дейін — 41 578 теңге,
1-топ — 57 021 теңге,
2-топ — 47 220 теңге,
3-топ — 35 638 теңге.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы:
1-топ — 3 763 теңге,
2-топ — 3 763 теңге,
3-топ — 1 616 теңге.
Тағы оқыңыз: Мұғалімдер қандай жағдайда зейнетке 48 жасында шыға алады
Айта кетейік, осы аптада үкіметтің жанынан еліміздің азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобына премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық етеді. Оның құрамына "Нұр Отан" партиясы, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді.
Жұмыс тобы екі ай ішінде мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. Комиссия жұмысына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен белсенділер тартылады.