Қоғам

Ғалым қазақтардың көп балалы болуының себебін түсіндірді

Сыдықназаров көп балалы болғысы келетін ата-аналарды айыптамай, көмектесу керек деп есептейді
Sputnik

АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Facebook-тегі парақшасында қазіргі заманның көп балалы отбасылары туралы ой қозғады.

Назарбаевтың тапсырмасы: көп балалы отбасыларды қолдау күшейтіледі
Оның айтуынша, ата-бабаларымыз ежелден нақты демографиялық болжам жасап, оны ұдайы қадағалап отырған.

"Бір бала - бала емес, екі бала - жарты бала, үш бала - бүтін бала" деген қазақта нақыл сөз бар. Бұл отбасын табиғи жолмен толықтыру үшiн кем дегенде үш бала болуы керек дегенді білдірсе керек. Екі бала әке-шешесі қайтқаннан кейін орнын басады, тек үшінші бала халық санын тұрақты өсіріп отырады. Көптеген адам оны біледі, бірақ білмейтіндер де көп екен", - дейді ол.

Ғалымның пікірінше, еліміздің кейбір азаматтары отбасын жоспарлауға келгенде еуропалық тәсіл мен кеңестік кезеңнен қалған тұрақты стереотиптерді ұстанып, көп балалы болу үрдісі ауылдағы ағайынға немесе тұрмысы нашар отбасыларға тән деп қателесіп жатады.

"Мүлде олай емес. Көптеген қазақ денсаулығы жарап тұрса, көп балалы болуды қалайды. Денсаулық факторы бірінші кезекте тұр.  Болашақта қаржылық және материалдық мүмкіндіктерімді жақсартып аламын деген үмітпен жас күнінде бала табады. Болашаққа үміт артпай ешкім ұрпағын көбейтпейді", - дейді институт директоры.

Сыдықназаров қазақ кәсіпкердің отбасында, әдетте, кем дегенде төрт бала тәрбиеленетінін айтады. Шығармашылық және ғылыми-академиялық ортада да кемінде үш-төрт бала болады екен.

"Осы топтардағы адамдар отбасылық-репродуктивті мақсаттарды ұзақ мерзімді жоспарлай алмайды немесе білмейді деп ешкім айта алмайды ғой? Дәулеті артқан сайын адам көп бала болғанды қалайды. Және бұл ақылға салынған, сараланған тәсіл. Қазақ балаларым бір-біріне көмектеседі, болашақта өздері ата-ана болғанда бір-біріне сүйеу болады деп үміттенеді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ешқандай көмек күтпестен бала тауып, тәрбиелейді", - дейді ғалым.  

Астанада көп балалы аналар көшеге шығып, әкіммен кездесуді талап етті
Оның айтуынша, бұл "көтермеленуі қажет айқын байқалып отырған үрдіс".

"Өрт кезінде бес баласынан айырылған отбасы да мемлекеттен көмек күтпегенін көріп отырмыз. Күндіз-түні жұмыс істеді. Ешкімге масыл болмады. Қолынан келгенше еңбек етті. Көп балалы аналарды асырай алмаса неге туады деп жазғыратындар қазіргі қазақтардағы отбасылық-репродуктивті қарым-қатынастардың этно-мәдени аспектісін білмейді", -деп түсіндірді Сыдықназаров.

Ол Қазақстандағы қазіргі заманғы ата-аналар көп балалы болғысы келеді және оны айыптамай, көмектесу керек деп есептейді. Айтуынша, ең болмағанда, Ресейдің "ана капиталы" тәжірибесін енгізу керек.