Өңірлер

Петропавлда жойқын жарылыс болып, тұрғын үйдің қабырғалары опырылып құлады

46 адам көшірілді, оның ішінде алты бала бар, үшеуі ауруханаға жеткізілді
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 9 ақпан — Sputnik. Петропавлда газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан бес қабатты үйдің пәтеріндегі қабырғалар құлап, жас бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға қалалық ішкі саясат бөлімі.

Кеше сағат 18:08-де жаяу жүргіншіден Интернациональная, 4 мекенжайында тарс еткен дауыс естілгені жөнінде қоңырау түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бес қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатында жарылыс болғанын анықтаған.

"Оқиға салдарынан пәтердегі қабырғалардың бір бөлігі құлаған. Жалпы 46 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның ішінде алты бала бар. Медициналық мекемеге 3 адам жеткізілді. Олардың ішінде бір бала ауруханаға жатқызылды. Қалғандары ауруханада емделуден бас тартты", - деп хабарлады ішкі саясат бөлімі.

Құрамына облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері, төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлері, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар кіретін жедел штаб құрылды.

"№ 6 және 7 кіреберістің тұрғындарын жаңа орынға орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Барлығы уақытша баспанамен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі", - деп түсіндірді ведомстводағылар.

Апаттың алдын-ала себебі – газ-ауа қоспасының жарылуы.