Қоғам

Астана, Алматы және Шымкент жастарына мың пәтер беріледі

Республикалық маңызы бар үш қаладағы әкімдіктердің қорынан жастарға пәтер іздеу жоспарланды
Sputnik

АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Қазақстанның қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев жыл соңына дейін Астана, Алматы және Шымкент жастарына мың жалдамалы пәтер үлестіруге уәде етті.

Назарбаевтың бастамалары: Қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді?

Бұл мәселе бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, сондай-ақ ұлттық экономика министрлігімен бірлесе жұмыс атқарылады, деп атап өтті ол. Қазақстандықтарға мемлекеттік пәтер беру механизмі бойынша келісімге келген соң, құжатты парламентке жібермек. Мақұлданғаннан кейін жалдамалы пәтерді алуға өтініш қабылдай бастайды. Үш қаланың әрқайсысында 330 пәтер беріледі екен.

"Ай соңына дейін негізгі ұсыныстарды ойластырғымыз келеді. Пәтер биылдан бастап беріледі", - деді Дархан Қалетаев қоғамдық кеңестердің екінші республикалық мәжілісінен кейін.

Ведомство басшысы атап өткендей, пәтерлерді бөліп беруді Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктері жүргізеді. Қаржылық инициативаларды да жергілікті билік мойынына алады.

Биыл беруге жоспарланған мың пәтерді баспана қорынан қарастырмақ. Алдағы жылдары ауданы 50 шаршы метрге дейін пәтерлер жаңадан салынатын болады.

Жалдау ақысын 12 мың теңге көлемінде ұстап тұруға мүмкіндік бола ма деген сұраққа министр жастар саясаты бойынша құзыретті орган ретінде ведомство бар күшін салады деп сендірді. Алайда соңғы бағаны нарық белгілейді, деді ол.

"Жастар қанша қаражатты көтере алады, соған байланысты болады. Қаражатты "Жалдамалы баспана" бағдарламасы аясында әкімдіктер бөледі. Президент тапсырмасымен бюджетте қаржы қарастырылған", - деп мәлімет берді министр.

7 ақпанда өткен сенаттың дөңгелек үстелінде Дархан Қалетаев мәлімдегендей, қазір жалдамалы мемлекеттік баспана беру үшін жастарды іріктеу критерийлері ойластырылып жатыр. Әзірге белгілі шарт бойынша, тұрақты жұмысы бар , 29 жасқа толмаған жастар жалдамалы пәтер алудан үмітті.