АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Шығыс Қазақстанда 8 жасар қызды айдалаға апарып, зорламақ болған ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды YK-news.kz.
ШҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, қылмыс 2018 жылдың 11 қыркүйегінде Үржар ауылында болған.
"Мас ер адам 8 жасар қызды зорлау үшін айдалаға алып барған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Қыз баланың айғайлаған дауысын ауыл тұрғындары есітіпті. Үш ер азамат – Архат пен Мерхат Жақмановтар, Тоқтарғазы Қайрақпаев көмекке ұмтылып, азғынның арам ойын іске асыруға жол бермеді.
"Азаматтардың қырағылығының арқасында бүлдіршін зорлық-зомбылықтан аман қалып, қылмыс жасамақ болған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оны маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге және химиялық піштіруге үкім шықты", - делінген хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енбеген.
Сот әкімдікке қызды құтқарған азаматтарды марапаттауға кеңес берді.