Видео

Қазақстандық алып күш иесі бірнеше әлемдік рекорд орнатқысы келеді - видео

2019 жылы қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников бірнеше Гиннес рекордын жаңартуды алдына мақсат қойған. Бұл жетістікке жету үшін күрделі әрі қауіпті нөмірлер әзірлепті. Солардың бірі - салмағы 100 келіден астам адамды бір қолымен көтеру
Sputnik

Қазір бұл рекорд иесі австралиялық жігіт екен. Ол бір қолымен салмағы 100 келі адамды жеті рет көтерген.

"Өзім орындағым келіп жүрген соңғы нөмірлердің бірі – бір қолмен ауыр салмақты адамды көтеру. Бұл нөмірді кезінде Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақ сияқты қазақ батырлары орындаған. Олар топ ішінен салмағы жүз келіден асатын адамды таңдап алып, бір қолымен ғана көтерген", - дейді Сергей Цырульников Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, ол бір бума ойын картасын жыртудан әлемдік рекорд орнатпақшы. Жаңа рекорд жасау үшін Цырульников бір дегенде екі жүзден астам картаны жыртуы тиіс.

Гиннес рекордтар кітабының сарапшыларын қазақстандық жігіт тағы бір нөмірімен таңғалдырмақ – үлкен металл болтты қолмен сындыру. Атап өтсек, соңғы рет бұл рекордты Ресей тұрғыны орнатыпты. Ол ұзындығы 22 сантиметр және қалыңдығы 12 миллиметр болтты қаққа бөлген.

Sputnik Қазақстан мультимедиялық орталығында Сергей Цырульников бірнеше күрделі трюк көрсетті.