Қоғам

Кәсіпкер пәтерді кімге сыйлайды: мұқтаж отбасылардан мыңдаған хат келді

Елордада тұрмысы нашар отбасылардың біріне жаңа пәтердің кілті табысталады. Мұқтаж жандар жазбаша және интернет арқылы мыңдаған өтініш берген
Sputnik

АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. Астанада тұрмысы нашар отбасыға бір бөлмелі пәтер алып беруге уәде еткен ер адамға мыңдаған қазақстандық хабарласты. Адамдар жазбаша түрде де, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да өтініштерін білдіруде.

Астанадағы қайғылы оқиға: кәсіпкер тұрмысы нашар отбасыға пәтер алып бермек

Елордадағы бес баланың қазасына қатты қынжылған қаржы компаниясының бас директоры Жандар Садықов тұрмысы нашар отбасыға баспана сатып алып беруге шешім қабылдапты.

"Қазір Астана қаласы бойынша 80-90 жазбаша өтініш келді. Бұл өтініштерді біздің филиалдарымызда қалдырған. Әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы түскен өтініштердің саны екі мыңнан асады", - деді "Кэш-Ломбард" филиалының директоры Жансейіт Амангелдиев Sputnik Қазақстанға.

Пәтер сыйлайтын жанұяны таңдағанда көпбалалы, асыраушысыз қалған отбасыларға, Астанада тұратын, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ, жәрдемақымен ғана күнелтетін азаматтарға басымдық беріледі. Кілтті жақын арада табыстау жоспарланып отыр. Компания қаражат жинап жатқан жоқ, бірақ көпбалалы отбасылар тізімін көмектескісі келетін бизнесмендерге бере аламыз деп атап өтті.

Жансейіт Амангелдиевтің айтуынша, компанияға басқа кәсіпкерлер әзірге хабарласпаған.

Астанадағы апалы-сіңлілердің қазасы

Осы аптада елордадағы көпбалалы отбасыда болған қайғылы оқиға бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Жеке үй аумағында орналасқан "времянкадағы" өрт кезінде бір отбасының бес баласы тірідей жанып кеткен. Қаза тапқан қыздар 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған. Сол қаралы түні апалы-сіңлілер үйде жалғыз қалыпты: ата-анасы жұмысқа кеткен екен. Отбасы көпбалалы ретінде жәрдемақы алып тұрған көрінеді.

Сұлтанов Астанадағы "времянкалар" мәселесі қалай шешілетінін айтты