Өңірлер

Алматыда ұры пәтерді үй иесінің көз алдында тонап кетті

Ұсталған ұрыдан полицейлер ұрланған сөмке мен жәбірленушілерді қорқытқан пышақты тәркіледі
Sputnik

АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Алматы полицейлері түнде ана мен балалар ұйықтап жатқан үшінші қабаттағы пәтерге бетін жасырып, пышақ ұстап кірген еркекті қолға түсірді.

Қылмыс таңғы  5-тер шамасында Мақатаева көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде жасалды.

Астанада қомақты ақша шешіп алған зейнеткерді банктің жанында тонап кетті
Үй иесінің айтуынша, ол көмек сұраған дауыстан оянып кеткен, алайда ол даладан шығып жатқан дыбыс деп ойлап мән бермеген екен.  Сол мезетте ол балаларымен бірге ұйықтап жатқан  бөлмеге бетін "маскамен" тұмшалаған еркек кіріп келіп, әйелдің сөмкесін  алған.

Пәтерді аралай жүгіріп, ас бөлмесіне келген қылмыскер  үшінші қабаттағы терезеден кіреберістің шатырына секіріп, әрі қарай қаша жөнелген. Бұл жағдайдан кейін есін тез жинаған жәбірленуші "102" нөміріне хабарласқан.

Патруль көлігі оқиға орнына санаулы минуттардан кейін келіп, көрші аулаларды іздестіреді.

"Олардың бірінен инспекторлар адамды байқап қалады. Құнды заттарды сөмкеден іздестіріп  жатқан  қылмыскер  балалар алаңына жасырынған екен", - деді  Алматы ЖП ЖПҚ жол-патрульдік полиция басқармасының командирі  Манап Саттаров.

Ұры полиция қызметкерлерінен қашып құтыла алмады.  Пышақ пен "маска", ұрланған сөмке ер адамның кінәлі екеніне күмән туғызбай отыр.

Сондай-ақ, ұрыны  жәбірленуші әйел мен оның туысқаны таныды. Туысқаны ұрыны қашып бара жатқан жерінде бетпе-бет  кездестірген.

"Ұсталған адамның тұлғасы бірден анықталды. Ол Алматы облысының тумасы, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған", - деді Саттаров.

Қазір ұсталған азамат Алматының Алмалы ауданындағы  полиция басқармасында отыр. Ол жерде жедел қызметкерлер мен тергеушілер ер адамның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.