Спорт

"Бұл – басы ғана": Әлімханұлы айшықты жеңісінен кейін маңызды мәлімдеме жасады

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық Стивен Мартинеске қарсы жекпе-жегінде айшықты жеңіске жетті
Sputnik

АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) әлем чемпионы белбеуі үшін қашан жұдырықтасатыны туралы айтты, деп хабарлады Sports.kz басылымы Boxing News журналының сайтына сілтеме жасап.

Әлімханұлы америкалық боксшыны нокдаун және нокаутпен жеңді - кездесудің толық видеосы

"Мықты қарсыласқа қарсы қалай жұдырықтаса алатынымды көрсеттім. Әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жекке аз қалды. 2019 жыл мен үшін үлкен белестер жылы болмақ. Бұл - менің сапарымның басы ғана", - деді Әлімханұлы.

Естеріңізге сала кетсек, өткен демалыста Фриско қаласында (АҚШ-тың Техас штаты) Әлімханұлы "Сергей Ковалев — Элейдер Альварес II" жекпе-жегінің бокс кешінде рингке шықты. 25 жастағы қазақ жігітінің қарсыласы америкалық атақты боксшы, "Хитмэн" деген атпен белгілі Стивен Мартинес (18-5, 13 КО) болды.

Сегіз раундтан тұратын кездесудің үшінші раундында Жәнібек америкалық жігітті нокдаунға түсірді, ал бесінші раундта Мартинестің бапкерлері төрешіден жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Сөйтіп, Әлімханұлы кәсіби рингтегі бесінші жекпе-жегін техникалық нокаутпен аяқтаған.

Кездесудің айшықты сәттерін төмендегі видеодан тамашалаңыз.