Өңірлер

Автобус жүргізушісінің адамгершілігі алматылықтардың жүрегін елжіретті

Ер адам оқушының сөзін жерге тастамай, өтінішін орындаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 ақпан – Sputnik. Алматы тұрғыны қоғамдық көлікпен кетіп бара жатып, жүргізушінің оқушыға деген мейірімділігіне куә болды. Бұл туралы қыз әлеуметтік желідегі жеке парақшасында баяндапты.

VAselek Eskosha деген қолданушының сөзіне сүйенсек, соңғы кездері өз автомобиліне мінбей, қоғамдық көлікті жиі пайдаланып жүр екен.

Терезеден құлай жаздаған ер адамды құтқарған полицейге алғыс жарияланды

Жақында 98-ші автобуста болған жайт жұрттың сынына жиі ұшырайтын жүргізушілер арасында да өз ісінің нағыз маманы әрі адамгершілігі мол жандар бар екенін дәлелдеді, дейді ол.

"Кішкентай бала жүгіріп кірді, жетінші сыныпта оқитын шығар. Жүргізушіден ұялыңқырап былай деп сұрады: "Жолақысына 30 теңге төлесем бола ма? Тексерушілер кірсе, жүгіріп шығып кетем. Бүгін 1 ақпан, абонементім таусылып қалыпты". Жүргізуші ерекше бір мейіріммен жымиды да, билетті ұстатты. Балақай мәз болып, алғысын білдірді. 30 теңгесін беріп еді, жүргізуші алмай қойды. Одан бетер қуанған бала орнына жайғасты. Ал жүргізуші ақша салатын қуысқа өзінің 150 теңгесін тастады", - деп жазды VAselek Eskosha.

Қыз бұған дейін жол ережесіне бағынбай, жолаушылармен дөрекі сөйлесетін жүргізушілерді жақтырмай келгенін жасырмайды.

Сонымен қатар, ата-аналарға баласы дәл осындай ыңғайсыз жағдайға қалмас үшін жол жүру билетін уақытында сатып алып, картаға ақша салуды ұмытпау қажеттігін ескертті.