АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Алаяқтық жасады деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айырылған белгілі әнші Гауһар Әлімбекова түрмеден хат жолдады.
Әншінің хатын журналист Бибігүл Дәулетбекқызы инстаграмындағы парақшасында жариялаған.
Әлімбекова бас бостандығынан айырылса да, Аллаға деген сенімі мен халықтың ыстық ықыласын, өзінің халыққа деген зор махаббатын ешкім де тартып ала алмайтынын айтқан.
Еске сала кетсек, 30 қаңтарда өткен отырыста сот алдында екі әйел – 2016 жылы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған Феруза Ордабаева мен танымал қазақстандық әнші Гауһар Әлімбекова жауап берді. Анықталғандай, айыпталушылар танысына ірі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып беруді уәде еткен, алайда уәдені орындамай, ақшаны қайтармай қойған.
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен Гауһар Әлімбекова айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы оқыңыз:Елден жасырған ұл, коттедж жыры, ұшақтағы шу: Дауға қалған шоу-бизнес жұлдыздары
Феруза Ордабаева 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бұған дейін де сотталып, жазасының бір бөлігін әлі өтемеген болып шықты. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР заңына сәйкес, оның жаза мерзімі 3 жыл 6 айға дейін қысқартылған. Нәтижесінде Ордабаева 7 жылға сотталды.
Отандық жұлдыздар әншіге қолдау білдірді. Кейінірек, Гауһар Әлімбекова Қазақстан президентіне алаяқтардың құрбаны болғанын айтып хат жазғаны белгілі болды.