Қоғам

Сағынтаев ұйғыр тілін латын әліпбиіне көшіру туралы ұсынысқа жауап берді

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында латын графикасына қазақ әліпбиін ғана көшіру қарастырылған
Sputnik

АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру кезінде ұйғыр тілін де бірге көшіру мәселесін көтерген еді.

"Қазақстан ұйғырлар қауымдастығы мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру кезінде ұйғыр жазуын да латынға бірге көшіру қажет деп шешті. Себебі, дініміз бір, тіліміз ортақ, біздің жазуымыз да ортақ болғанын, бір-бірімізді еркін оқи алғанымызды қалаймыз. 2017 жылдың қазан айында Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы жанынан ұйғыр жазуының латын әліпбиін жасау бойынша арнайы комиссия құрылды.

Ресей министрі Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікір білдірді
Талқылау нәтижесінде ұсынылған жобалардың ішінен бес нұсқасы таңдалып алынды. Бұл жобалар қоғамның түрлі салаларында сынақтардан өткізіліп, 12 мамырда өткен комиссия отырысында Қазақстандағы ұйғыр тілінің қазақ тіліндегі латын әліпбиіне бейімделген нұсқасы бекітілді", — деп сауал жолдады мәжіліс депутаттары.

Олардың айтуынша, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру кезінде Қазақстандағы ұйғыр тілін де латынға бірге көшіру керек. Осы орайда "Уйгур авази" республикалық газетінің, "Мектеп",  "Жазушы" баспаларының ұйғыр редакциясын латын графикасына өткізуге қажетті қаржылай көмек көрсету қажет.

Бақытжан Сағынтаев депутаттық сауалға жіберген жауабында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды айта келе, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында латын графикасына қазақ әліпбиін ғана көшіру қарастырылғандығын атап өтті.

"Мемлекеттік тілді жаңғыртудың маңызды кезеңінде Қазақстандағы түркі тілдес этностардың әліпбиін латын негізді әліпбиге көшіру мәселесін қарау терең және жан-жақты зерделеуді, соның ішінде ұйғыр жазуын латын графикасына көшіру бойынша ұсыныс тыңғылықты зерделеуді және егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді.

Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ғалымдар, депутаттар корпусы, Қазақстан ұйғырларының этномәдени орталығын тарта отырып, аталған мәселені талқылап, жан-жақты толық талдау жүргізу тапсырылды", — деді үкімет басшысы.

Осы мәселелер толық пысықтағаннан кейін Мәдениет және спорт министрлігі атқарылған жұмыстар туралы депутаттар корпусына қосымша ақпарат береді.