Қоғам

Президенттің батасын алды: Назарбаев елордалық жас отау иелерін құттықтады

Қазақстанның әр өңірінен келіп, Астанада табысқан жас жұбайлар Елбасының батасын алды
Sputnik

АСТАНА, 1 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев астаналық жас жұбайларды неке қию рәсімімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Назарбаев сымбатты болу үшін не істеу керектігін айтты - видео

Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтер 2017 жылы Астана қаласында танысқан екен. Жігіт "ЭКСПО" көрмесінде жұмыс істеп жүргенде, болашақ жары халықаралық экспозицияны тамашалауға барыпты. Бірақ екі жас ол кезде бір-бірін көрмей, жарты жыл өткен соң әлеуметтік желіде танысып, бір үйде тұратын көршілер екенін білген.

Сөйтіп, қыз бен жігіт шаңырақ көтеруге бел буып, той алдында Айдар мемлекет басшысының батасын алуды жөн көреді. Қаңтарда жас жігіт Ақордаға электронды хат жолдап, президентті үйлену тойына шақырған.

"Менің идеям болды. Бұл күннің мәңгі есте қалғанын қалаймын. Біріншіден, екеуміздің де әкеміздің көзі тірі емес. Сол себепті ұлы адамдардың батасын алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Бұл біз үшін өте маңызды", – дейді Айдар Сүлейменов.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов жас отау иелеріне Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Елбасы жас жұбайлардың шақыру билетін ыстық ықыласпен қабыл алып, Айдар мен Айнагүл Сүлейменовтерді отбасылық өмірге қадам басуымен құттықтапты. Сонымен бірге, мемлекет басшысы қос ғашыққа зор денсаулық, бақыт және жарқын болашақ тіледі.

Президенттің батасын алды: Назарбаев елордалық жас отау иелерін құттықтады

"Елбасы және Астана тұрғындарының атынан сіздерді шын жүректен неке қию күнімен құттықтаймын! Осы жылды мемлекет басшысы Жастар жылы деп жариялағанын білесіздер. Бұл – Сіздер сияқты азаматтарға деген артылған үлкен үміт, берілген орасан мүмкіндік. Осыған орай, Астанада жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру, денсаулығын сақтау, шығармашылық бастауларын қолдау бойынша көп жұмыстар жасалады", - деді қала әкімі.

Сұлтанов жастарды табыстырған "ЭКСПО-2017" президенттің стратегиялық жобасының бірі екенін айтып, көрменің берген әсері мен жаңалығы мол болғанын атап өтті.

Президенттің батасын алды: Назарбаев елордалық жас отау иелерін құттықтады

Сөз соңында елорда әкімі Астананы жастардың арманы орындалып, махаббатына қол жеткізетін мекен деп атап, жас жұбайларға махаббат, татулық пен келісім тіледі.