Қоғам

Стенин атындағы халықаралық фотожурналистика байқауынның қазылар алқасы жарияланды

Үміткерлер бес номинация бойынша өзара бақ сынасып, ал жеңімпаз 700 000 рубль қаржылай сыйлыққа ие болады
Sputnik

АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik.Андрей Стенин атындағы халықаралық фотожурналистика байқауы түрлі ұлт өкілдерінен құралған қазылар алқасының құрамын атады. Оның құрамына әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерінің редакторлары мен әйгілі фотографтары және фоторедакторлары кірген. Олар 2019 жылғы конкурсқа қатысқан жұмыстарды бағалайды.

Джеймс Хилл, "Нью-Йорк Таймс" (The New York Times) газетінің  британдық фотографы, таралымы бойынша АҚШ-тағы екінші үлкен басылым;

Питер Битцер, laif фотоагенттігінің басшысы, туристік және пресс-фотография бойынша Германия медиа нарығының көшбасшысы;

Элис Габринер, АҚШ-тағы ең танымал "Тайм" (Time News Magazine) апталық журналының фотобөлім жетекшісі;

Чо Бо Хи, Оңтүстік Кореядағы жетекші "Йонхап" (Yonhap News Agency) ақпарат агенттігі директорының орынбасары;

Оңтүстік және Орталық Американың адам құқықтары туралы заманауи фототаспаларының авторы, колумбия-америкалық фотограф Хуан Арредондо;

Еуропалық баспасөз агенттігінің ресейлік фотографы Сергей Ильницкий;

Альберто Прина, жыл сайынғы италиялық Лодиде этикалық фотография фестивалінің (Festival della Fotografia Etica) негізін қалаушы және үйлестірушісі.

"Жанжал аймақтарында жұмыс істеп қайтыс болған фотографтарды еске алу өте маңызды. Мен үшін бұл конкурс Андрей Стенин жұмысының маңызды дәлелі болып табылады", – деді New York Times газетінің фотографы Джеймс Хилл.

Питер Битцер, laif фотоагенттігінің басшысы: "Андрей Стенин байқауының қазылар алқасының мүшесі болу – үлкен мәртебе. Өйткені, оның міндеті – жас фотожурналистерге маңызды жұмыстары үшін жан-жақты қолдау көрсету. Қазіргі әлемге мықты фотожурналистер қажет-ақ!".

"Біз күн сайын миллиондаған фотосуреттер шығарылатын және таратылатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз", – деді "Тайм" (Time News Magazine) апталық журналының фотобөлім жетекшісі Элис Габринер. "Мұндай жағдайда фотография әлемінде пайда болатын ең маңыздыларды тану, бөлектеу, назар аударудың мәні зор. Мен асыға күтемін. Өйткені, мұнда мен фотосурет арқылы өз тарихын айтып жатқан жаңа буынды көріп тұрмын", – дейді ол.   

Альберто Прина, жыл сайынғы италиялық Лодиде этикалық фотография фестивалінің (Festival della Fotografia Etica) негізін қалаушы және үйлестірушісі: "Андрей Стенин байқауына араласу фотографтар қауымдастығына өз үлесіңді қосуды білдіреді. Мен әділ қазылар алқасына, кәсіби мамандар тобына қосылғаныма өте қуаныштымын. Бұл әріптестерден жаңа бір нәрсені үйрену мүмкіндігі. Сонымен қатар қазылар алқасымен тәжірибе алмасудың тамаша әдісі".

Стенин атындағы конкурстың гран-приін рохинджа босқындарының өмірі туралы фото алды
Чо Бо Хи, Оңтүстік Кореядағы жетекші "Йонхап" (Yonhap News Agency) ақпарат агенттігі директорының орынбасары: "Халықаралық фотожурналистика конкурстарына әділқазылар алқасының мүшесі ретінде қатысу – өте сирек кездесетін мүмкіндік. Сондықтан мен "Россия сегодня" шақыруын қабылдауға келістім. Андрей Стенин атындағы фотожурналистика конкурсында менің жиған тәжірибем мен білімім тиімді пайдаланылатындығына сенімдімін.

Ал фотожурналистің міндеті – оқиға орнында болып, ақпарат берумен ғана шектелмейді. Оның фотоларды тарих үшін сақтауы өте маңызды. Осы конкурсқа қатысқан жас журналистер Андрей Стенинді еске түсіріп, оның жұмысы туралы көбірек білетін болады әрі зор ынтамен шабыт алады деп санаймын".

Еуропалық баспасөз агенттігінің ресейлік фотографы Сергей Ильницкий: "Андрей Стениннің фотожурналистика байқауының қазылар алқасының мүшесі болу мен үшін үлкен құрмет. Бірақ, сонымен бірге мен үлкен жауапкершілікті өз мойныма алдым. Андрейдің алдындағы, журналистика мамандығының алдындағы менің үлкен жауапкершілігім. Батылдық, кәсібилік, әдептілік пен парасаттылық деңгейінде "батырманы басу" және адамдарға белгілі бір оқиғаны көрсету жолында өзіңді құрбан ету – мұның бәрі де Андрейдің бойында болды.

Ол өзінің талантын толық ашып көрсетуге үлгермей қалды. Сол өкінішті. Байқаудың қазылар алқасындағы  менің міндетім сайыскерлердің суреттері арқылы сол романтикалық, дарынды, батыл, сезімтал, қамқор адамдардың танылуына көмектесу, қолдау көрсету. Шабыттандыра отырып, жас фотографтардың жаңа деңгейге көтерілуіне, кәсіби тұрғыда өсуіне қол ұшын созу. Бұл камераны көтеруге және өздері таңдаған кәсіптің қауіпті жолын батыл ұстануға серпін береді".

Оңтүстік және Орталық Американың адам құқықтары туралы заманауи фототаспаларының авторы, колумбиялық-америкалық фотограф Хуан Арредондо: "Қазылар алқасының мүшесі ретінде мен әлемге әйгілі конкурсқа өзімнің көзқарастарыммен ерекшеленіп, Латын Америкасының фотографы ретінде өз пікірімді білдіремін деп үміттенемін. Мен үшін бұл жас талантты суретшілердің шығармашылығымен танысу мүмкіндігі әрі әлем елдерінде репортаждар фотографиясының дамуына бүгінгі буын өкілдерінің қандай әсер етіп жатқанын түсіну болып табылады".

2019 жылы үміткерлер бес номинация бойынша бақ сынайды. Өткен жылғы "Шұғыл жаңалықтар", "Спорт", "Менің ғаламшарым", "Портрет. Біздің заманның батырлары" атты номинацияға "Шабыт" дейтін жаңа аталым қосылды. Бұл номинацияға шабыт шақыратын көріністер бейнеленетін жалғыз фотосуреттер енеді. Яғни, табиғат суреттері, этникалық немесе жанрлық эскиздер, балалар мен ересектердің түрлі техникалық стильдегі портреттері.

Басқа номинацияларда конкурсқа қатысушылар бір фотосуретті "Жалғыз фотосурет" және "Сериялы суреттер" санаттарына жібере алады. 2019 жылғы байқауға жұмыстарды қабылдау 28 ақпанға дейін stenincontest.ru сайтында жалғасады.

2019 жылы байқаудың жүлде қоры әр номинация бойынша бірінші, екінші және үшінші орын үшін 100 000, 75 000 және 50 000 рубльді құрайды. Стенин конкурсының ең жоғары сыйлығының иегері – Гран-при – 700 000 рубль алады. Бұл жас фотожурналистер үшін ресейлік және халықаралық орындарда өз жұмыстарын көрсететін маңызды мүмкіндік болмақ. Ал байқау лауреаттарының көрме туры оның ажырамас бөлігіне айналды және ол Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Африка және Таяу Шығыстағы көптеген қалаларды қамтиды.

Конкурс туралы

Ресей Федерациясының ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясының қолдауымен "Россия сегодня" ХАА ұйымдастырған Андрей Стенин атындағы халықаралық фотожурналистика конкурсы жас фотографтарға қолдау көрсетуге және қоғамның назарын қазіргі заманғы фотожурналистика мәселелерін қаузауға бағытталған. Бұл жас фотографтарға арналған алаң талантты, сезімтал және жаңа нәрсеге ашық адамдардың назарын маңызды оқиғаларға аударады.

Sputnik радиосы мен ақпарат агенттігі конкурстың халықаралық ақпараттық серіктесі.