АСТАНА, 27 қаңтар — Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутері Оскар Де ла Хойя Хьюстонда өткен бокс кешінде рингке шығып, "Канело" мен қазақстандық Геннадий Головкин арасында үшінші жекпе-жектің өткізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
"Үшінші кездесудің өтетініне күмән жоқ. "Канело" тек мықтылармен жұдырықтасқысы келеді. Үшінші жекпе-жекте оны (Головкинді — Sports.kz) нокаутқа жіберетініне сенімдімін", — деп мәлімдеді Оскар де ла Хойя.
Бірнеше апта бұрын Де ла Хойя Головкинмен мамыр айында жекпе-жек өткізуге қатысты келіссөздердің басталғанын мәлімдеген-ді. Алайда кейін "Канелоның" өкілдері оның 4 мамыр күні Дэниэл Джейкобспен шаршы алаңда жұдырықтасатынын жеткізді. Бұл жекпе-жектің қайда болатыны қаңтар айының соңында Невада штатының Атлетикалық комиссиясының отырысында белгілі болады.
Қазақстандық Геннадий Головкин осы жылдың сәуір-мамыр айларында шаршы алаңға оралады деп жоспарланып отыр.