Қоғам

"Қанына сіңіп кетеді": Жақып Асанов көп уақыт бастық болудың салдары туралы айтты

Жақып Асанов Жоғарғы соттың сапалы мамандарға мұқтаж болып отырғанын жеткізді
Sputnik

АСТАНА, 23 қаңтар — Sputnik. "Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" заң жобасында сот жүйесіндегі төрағалық қызмет екі реттен аспауы керек деген талап енгізіліп отыр. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды тілшісі. 

Жақып Асанов кінәсіз адамдар да сотталып кеткенін мойындады
"Мықты мамандар көп емес екенін тағы да айтамын. Олар трансұлттық компанияларда жұмыс істейді. Біз — сот жүйесі оларға мұқтаж болып отырмыз. Сол себепті, жағдайын жасап, жұмысқа тартуымыз керек", — деді Жақып Асанов "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" заң жобасын талқылау кезінде.

Десе де, Жоғарғы сот төрағасы осы күнге дейін қойылып келе жатқан көптеген талаптың орынды екенін жасырмады. Солардың бірі — жоғарғы сотқа қабылданатын судьяның 20 жылдық еңбек өтілінің болуы. Бірақ Жақып Асанов осы мерзімнің кемінде бес жылын облыстық сотта өткізуі керек деген талаптың судьялар үшін қиынға соғатынын айтады. Бұдан өзге мықты мамандарды жұмысқа алған жағдайда оларды Елбасының өзі сенатқа ұсынатынына назар аударды. Яғни, президенттің бұл шешіміне жоғарғы сот кеңесі араласпайды.

"Келесі өзгеріс соттардың басшылары мен алқа төрағаларына қатысты болып отыр. Басқа басшылар бір өңірден екінші өңірге ауысып, осындай қызметте 65 жасқа дейін төраға болып жүре береді. Ешқандай шектеу жоқ. Төрағалық қызмет екі реттен аспауы керек деген талап қойып отырмыз. Әйтпесе, судья қайта-қайта бастық бола берсе, бара-бара командалық басқару әдісіне көшеді. Осындай жұмыс стилі қанына сіңіп кетеді. Бұл қарапайым судьялардың тәуелсіз болуына зиянын тигізеді", — деді Жоғарғы сот төрағасы.

Тағы оқыңыз:

Жақып Асанов бір төрағаның бірнеше рет сайлануының тағы бір кемшілігін атап өтті. Оның пікірінше, кейбір төрағалар тек менеджментпен айналысып, нақты істерді қарауды қояды. Өзінің кәсіби міндетін орындамай, біліктілігін жоғалтады. Бүгінде облыстық соттың алқа басшыларын тағайындау үшін жоғарғы сот төрағасының ұсынысы керек. Олар әдетте конкурсқа түспейді.

Асанов судьяларға: мақтау қағазын алу үшін істеп жүрсіздер ме?
"Біздің ойымызша, оларға жоғарғы сот төрағасы ықпал жасамауы керек. Өзгелер секілді конкурсқа түссе, бізде шын лайықтыны таңдау мүмкіндігі болады. Сот әділ әрі кәсіби деңгейде болуы үшін өзгелерге ынталандыру ретінде мықты мамандарды тартуымыз керек. Екіншіден, осы өзгерістер арқылы біз әрбір судьяның тәуелсіздігін қамтамасыз етеміз", — деді Жақып Асанов.

Дәл қазір Қазақстан соттарға жағдай жасаудан әлемде төртінші орында тұр. Ал судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жағынан 139 елдің ішінде жетпіс тоғызыншы орында. Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде мемлекетке бағытталған "Судьяларыңыз төрағалар мен басшыларға тәуелді" деген сын көп. Яғни Қазақстанның сот жүйесінде ішкі бағыныштылық басым.