АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық әншілер қуанышына ортақтасу үшін кейде той иесі ұсынған ақшаға баратындарын айтады. Арасында әншілікті бақытқа балап, тегін ән салатындар да бар екен.
"Әрине, аламыз. Бірақ менің бағам шарықтап тұрған жоқ. Керек қылып шақырып жатса, әрине, келісім бойынша келемін", — дейді әнші Астана арнасының "Ел аузында" бағдарламасында.
Ал Роза Әлқожаның өнер мен өмірдегі бауыры қазақтың бірде-бір тойының өзінсіз өтпейтінін айтып мақтанды. Мұны орындап жүрген әндерінің ел арасында кеңінен танымал болуымен байланыстырды. Яғни бұл әндерді өзі барып орындамаса да, тойда бір рет қосылатыны сөзсіз дейді. Сондай-ақ, ол гонорарын айтудан бас тартты.
"Біреулерге менің гонорарым сөмкесінен алып, "Мә" деп бере салатындай ақша болып көрінуі мүмкін. Енді біреулер үшін бір жыл бойы жинап жүріп табатын сома. Сол себепті нақты айта алмаймын. Айтатын болсам, жағдайы жетпейтін кісілер "Мынауың сұмдық екен ғой" дейді. Ал керісінше қалтасы қалың азаматтар "Мынаның бағасы осы ғана ма" деп айтады", — дейді Әбдіжаппар Әлқожа.
Тағы оқыңыз: Танымал жұлдыздар балаларына қандай ат қояды?
Ақбота Керімбекова тойға күнде бармайтынын жасырмайды. Бірақ шақырған жерден қалмайды екен. Бір кездері той иесі оны ақшасын бермей әуре-сарсаңға салып еді. Басынан осындай жағдайдың өткеніне қарамастан, әнші мәселе ақшада еместігін алға тартты.
"Менде қатып қалған баға жоқ. Пәленше-түгенше деп айтпаймын. Көбіне жағдайға қарауға тырысамыз. Өйткені әрбір қазақ жақсылығы мен қуанышына өнер адамын шақырып, бөлісуге тырысады. Кейде келісіммен бағамызды түсіріп те жатамыз. Барлығы адамның ниеті мен пейіліне байланысты. Алланың берген несібесімен", — дейді Ақбота Керімбекова.
Ал "Жігіттер" тобының гонорарын қалтаңыз көтермесе, оларды төрт бөліп шақыруға болады. Топтың солисі Айдар Тұрғанбек кейде, тіпті, көңілге қарап тегін барып жататын кезінің болатынын айтады.
"Жағдайға қараймыз. Кейде жағдайы жоқ адамдарға кезігеміз. Енді бірде "Жігіттер" тобы болып емес, жалғыз барып қаламыз. "Бар ақшам осы" дегенге келісіп немесе тойға тегін барып та жатамыз. Мысалы, мен Алматы қаласында жүріп мұнша ақша аламын деп айтпай-ақ қояйын. "Не дейсіз өзіңіз?" деп сұрайды әдетте. Сол кезде қинағым келмейді. Қатты көтергім немесе тым түсіріп жібергім де келмейді", — дейді Айдар Тұрғанбек.
"Гонорарымның қанша екенін көмекшімнен біле аласыздар. Өзім айтпай-ақ қояйын. Бірақ тойларға жай әшейін де баратын кездерім болады. Анда-санда халық үшін ғана жұмыс істеу керек. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, анда-санда бұлай бола бермейді. Ақшаға да шығу керек деген сияқты. Өйткені біздің әр көйлегіміз бен әшекейіміз арзан емес", — дейді Зарина Омарова.
Әнді айттырып, биді салдырып алған соң ақшаны бермей әншілерді әуреге салатын той иелері де болады. Сондай-ақ, көптеген әнші гонорар мәселесін тек продюсері шешетінін айтады.