Семей полигоны — КСРО-ның ядролық сынақ жүргізуге арналған аса маңызды стратегиялық объектілерінің бірі болды. Оны ашу үшін 18 миллион гектар жер бөлінген болатын. Бастапқыда сынақтар жер бетінде жүріп, адамдар мен қоршаған табиғатқа айтарлықтай зиян келді. Кейін сынақтар тек жер астында жүргізіле бастады. Атом бомбаларының жарылысы жергілікті тұрғындар үшін ауыр тиіп, 500 мыңдай адам азап шекті.
Сынақ туралы халыққа ескертілмеді
Мамандардың айтуынша, Семей полигонында өткізілген ядролық жарылыстардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Оның үстіне халыққа алғашқы сынақ туралы ескертілмеген. Тек 1953 жылдан бастап айтыла бастады.
Сынақ барысында адамдар мен төрт түлік мал уақытша басқа жерге көшірілді. Бірақ жарылыс біткен соң олар үйлеріне қайтып оралып отырды. Жарылыс толқыны көптеген үйдің терезесінің шынысын ұшырып, қабырғаларын қиратты. Кейде отбасылар үй-күйсіз қалып жатты.
Қазақ КСР ғылым академиясы жүргізген ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің арқасында Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы жүйелі деректер пайда болды. Зерттеу жүргізетін ғалымдар тобын профессор Бахия Атшабаров басқарды.
1949 жылы алғашқы сынақ жүргізілген уақыттан бастап Семей және Павлодар облыстарында радиациялық сәуленің әсерінен түрлі ауруға ұшырағандардың саны көбейді. Себебі, иондалатын радиация гендік кодты өзгерте алады. Осының салдарынан адам өкпе мен сүт безі рагына және ісіктің көптеген басқа түріне шалдығады. Сондай-ақ, нәрестелер кемтар болып туып жатты. Адамдар ғана емес, жер де зиян шегіп, радионуклидтердің жинала беруінің салдарынан құнарлығы азаяды. Темір, мыс, магний сынды металдар әртүрлі дәнді дақыл арқылы адам ағзасына енді.
Тағы оқыңыз: Семейлік дәрігер полигонда сынақтың қалай жүргізілгенін айтып берді
"Өкінішке қарай, ядролық сынақтың салдары орасан зор болды. Семей өңірінде аяқ-қолы жоқ, кемтар қаншама сәби дүниеге келді. Оның бәрі сол кезде айтылмады ғой. Акушер дәрігерлер ата-анаға дүниеге келген сәбиінің жарымжан екенін жеткізе алмай, соған өздерін кінәлі сезінгендей, қиналып жүретін. Семейдегі медициналық институтта кемтар туған балалардың музейі бар", — дейді "Невада-Семей" қозғалысының сенімді дәрігері Болат Серікбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
130 мың шахтер не үшін ереуілге шықпақ болды?
Осы сынақтарды тоқтату үшін арнайы "Невада-Семей" қозғалысы құрылған болатын. Дүниежүзіндегі ядролық қауіпті жоюды мақсат еткен "Невада-Семей" қозғалысының арқасында Қазақстан жеріндегі ядролық сынақтар тоқтатылды. Дәлірек айтсақ, 1989 жылы алдын ала жоспарланған 18 ядролық сынақ жетіге дейін қысқарды. Сондай-ақ, осы жылдың қазан айынан бастап Семей қаласындағы полигонда сынақ жасау мәңгілікке тоқтады.
Куәгерлердің бірінің айтуынша, 1989 жылы 12 және 18 ақпан күндері әскерилер ешкімге ескертпей, Семей полигонында атом бомбасының сынағын өткізген. Осы сынақ кезінде жерден шыққан улы газ Курчатов қаласының маңындағы Шаған қаласын басып, кейін Алтай өңіріне дейін жетеді.
Болған жағдай туралы хабар алған Қазақ КСР коммунистік партиясының Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев КСРО орталық комитетіне сынақты тоқтатуды талап еткен шифограмма жібереді. Мұнымен қатар, газдан уланған халыққа көмек көрсетуді сұрайды. Бұл — осы уақытта ядролық қаруға қарсылықты білдірген алғашқы шаралардың бірі болды.
"Невада-Семей" қозғалысы қалай құрылды?
"Невада-Семей" деп аталатын антиядролық қозғалыс құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған Олжас Сүлейменов тастады. Осыдан кейін Семейде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесі құрылып, Марат Оразалин төрағасы болып сайланды. Ол қозғалысты құруда үш мақсат болғанын айтады. Біріншісі — халықты бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақыру, екіншісі — полигонды жабу үшін күрес жүргізу және зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қабылдау.
1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ, 29 тамыз халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты.
Қазақ жерінде көптеген адамның өмірін жалмаған сынақтың тоқтатылуына өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі — Олжас Сүлейменов. 1989 жылы КСРО жоғарғы кеңесі депуттатығына үміткер болған ол 25 ақпанда Алматы қаласында өткен ереуіл кезінде сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға үндеу оқып, ядролық қаруға тыйым салуды талап етті. Аталған ереуілге "Адамзатты аман алып қалу" халықаралық қорының комитеті, халықаралық "Жасыл әлем" ұйымы, сондай-ақ, діни ұйымдар мен кеңестік бейбітшілік қорғау комитеті атсалысқан-ды.
"Үнсіз жүргеніміз намысыма тиді"
"28 ақпан күні теледидардан Олжас Омарұлының сөйлеген сөзін естідім, кейін ол кісі Алматыда халық алдында үлкен митингі ұйымдастырды. Сонау Алматыда тұратын кісілер ядролық қаруға қарсы шу шығарып, сынақты тоқтатуды талап етіп жатқанда, полигонның нағыз эпицентрі Қарауылда біздің үнсіз жүргеніміз менің намысыма тиді. Сондықтан халыққа қасірет төндірген ядролық сынақты тоқтатуға титтей де болсын үлесімді қосу үшін, қозғалыстың құрамына кіруге тура келді", — дейді куәгерлердің бірі Болат Серікбаев.
Алғаш рет КСРО үкіметі де ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Кейін 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы жарлығы шықты.
БҰҰ БА-ның 53-сессиясы "Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру" қарарын қабылдады. Бұдан өзге АҚШ, Жапония, Италия, Түркия, Ресейде ұйымның бөлімшелері құрылды.
Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарусыз әлемді құруға бағытталған АТОМ жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты — әлем елдерінің президенттерін ядролық қаруды пайдаланбауға шақыру.