АСТАНА, 14 қаңтар — Sputnik. Алматыда қараша айында жоғалып кеткен 19 жастағы Платон Киорды іздеумен айналысқан "Совет Общественной Безопасности" тобының белсенділері жас жігіттің қаза болуы мүмкін екені туралы хабарлады.
Платонға ұқсас жігіт көпқабатты үйлердің біріндегі бақылау камерасына түсіп қалыпты. Осы ғимарат маңында биіктен құлаған ер адамның денесі табылды. Бастапқы мәліметке сүйенсек, анасы Надежда Киор жоғалып кеткен ұлын таныған.
Отбасының жақындары бұл ақпаратты растап, бірақ мәйітті әлі көрсетпегенін айтты, себебі ол үшін әуелі биіктен құлап қаза тапқан белгісіз жігіттің ісі мен Платонның жоғалуы туралы арызды біріктіру қажет.
Содан кейін отбасыға қаза орнында түсірілген суреттерді көрсетеді.
Платон Киор 2018 жылдың 21 қарашасында сағат 18:00-де үйден шығып, қайта оралмаған. Жас жігіт ұялы телефоны мен жеке заттарын қалдырып кетіпті.
Анасының сөзіне сүйенсек, ұлының жоғалғаны туралы полицияға бірнеше рет арыз беруге тырысқан, алайда құқық қорғау органдары "асықпаңыз", "достары мен таныстарынан сұрастырыңыз" деп кеңес берген көрінеді.
Сөйтіп, музыканттың жоғалуы туралы арыз 13 қаңтарда берілген. Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушыларын дүрліктіріп, қоғам назарына ілікті. Іздеу шараларына қоғам белсенділері араласқан.