Спорт

"Головкин – "Канело" жекпе-жегі: 3-ші кездесудің күні мен өтетін орны жарияланды

Мексикалық боксшының тарапы үшінші жекпе-жекті де Лас-Вегаста өткізгісі келеді
Sputnik

АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Оскар Де ла Хойя Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварестің үшінші жекпе-жегін өткізуге қатысты келіссөздің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

The Ring Головкин мен "Канелоның" үшінші жекпе-жегінде кім жеңетінін болжады
Мексикалық боксшының тарапы үшінші кездесуді Лас-Вегаста "Синко де майо" мерекесінің құрметіне демалыста өткізгісі келеді. Бұған дейін олар "Канело" шаршы алаңға 4 мамырда оралуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. 

"Жуырда мен Головкиннің адамдарымен алғашқы келіссөзді жүргіздім. Біз үшінші жекпе-жекті Лас-Вегастағы бокс үшін ең айтулы дата болатын "Синко де майо" мерекесінде өткізуді ұсындық. Сол себепті, біз келіссөздерді бастаймыз. "Канело" кез келгенімен жұдырықтасуға дайын. Олардың үшінші жекпе-жегі үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Келіссөз басталды, оның неге әкелетінін көреміз", — деді Де ла Хойя ESPN Houston радиосына берген сұқбатында.

Еске сала кетсек, GGG мен "Канелоның" алғашқы екі жекпе-жегі де Лас-Вегаста өткен болатын. Бірінші кездесу тең аяқталса, екіншісінде төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетті.