АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Бүгін Мәскеу қалалық соты РФ Бас прокуратурасының Bank RBK басқарма басшысының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевты Қазақстанның құқық қорғау органдарына беру туралы шешімін заңды деп таныды.
Қазақстанда алаяқтық және Bank RBK банкінен 80 миллион доллар қымқыруға қатысқаны үшін айыпталған Жомарт Ертаевты Қазақстанға беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды РИА Новости соттың баспасөз хатшысы Ульяна Солоповаға сілтеме жасап.
"Мәскеу қалалық соты РФ бас прокуроры орынбасарының 2018 жылдың 7 желтоқсанындағы Ертаевты Қазақстан Республикасының құзыретті органдарына беру туралы шешімін негізді әрі заңды деп таныды", — деді ол.
Ертаевтың адвокаттары бұл шешіммен келіспеді. Солардың бірі – Алексей Петровтың айтуынша, олар бұл шешімге қатысты жоғары сот инстанцияларына шағым түсіруді көздеп отыр, соның нәтижесінде нақты шешім қабылданбайынша Ертаев Қазақстанға экстрадицияланбайды.
2018 жылдың мамыр айында Қазақстанның Бас прокуратурасының сұратуы бойынша Ертаев "Москва Сити" маңында ұсталды. Бұлтартпау шарасын таңдаған Мәскеу соты қашқын бизнесменді қамауға алмай, үй қамақпен ғана шектелді. Тағы бірнеше айдан соң, прокуратура қаулысының арқасында бұл шара да күшін жойды.
Ертаевтың өзі дипломатиялық органдарға Қазақстан азаматтығынан бас тарту туралы өтініш жібергенін мәлімдеген. Бұдан бұрын ол Ресейде босқын мәртебесін сұраған еді.
Осыған қарамастан, ҚР Бас прокуратурасы Ертаевты 2017 жылы алған Ресейде тұруға ықтиярхатынан айыруға қол жеткізді.
Жомарт Ертаев бірнеше рет мәлімдегендей, оны қуғындауды Қазақстанның билік өкілдері ұйымдастырған әрі бұл әрекет тек саяси сипатқа ие, бәсекелестерінің мүддесі үшін жасалып отыр.
Қазақстанда Жомарт Ертаевқа 2018 жылдың наурыз айында алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ол кезге дейін елден кетіп қалған кәсіпкерге халықаралық іздеу жарияланған болатын. ҚР ҚК 177-бабы 4-тармағы бойынша, Bank RBK банкінен 80 миллион жымқыруға қатысқаны үшін ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.