АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. "Қазгидромет" синоптиктері 2019 жылдың 12-14 қаңтарына ауа райы болжамын ұсынды.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстанға Қара теңіз аумағынан келетін атмосфералық фронттардың салдарынан сібірлік антициклон әлсіреп, республиканың басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылайды.
Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде күн жылынып қана қоймай, қар жауып, кей жерде бұрқасын болады, қатты жел ұйытқиды. Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс облыстарындағы ауа райына оңтүстік циклон әсер етіп, кей жерде қар жауып, бұрқасындатады әрі батыстан қатты жел соғады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыста тұман және көктайғақ болады.
Ірі қалаларда ауа райы қандай болады
Gismeteo мәліметіне сүйенсек, 12 қаңтардаАстанада күндіз ауа температурасы минус 17 градус болса, кешке минус 14 градусқа дейін төмендейді. Алматыда күндіз 0 градус, ал кешке 2 градус нөлден төмен болады. Шымкентте күндіз де, кешке де ауа температурасы – 1 градус нөлден жоғары.
13 қаңтарда еліміздің бас қаласы Астанада күндіз 9 градус аяз, ал кешке —10 градус болады. Алматыда – күндіз —3 градус, кешке —4 градус. Шымкентте күндіз 8 градус жылы болса, кешке +1 градусқа дейін суытады.
14 қаңтарда Астанада күндіз —6 градус, кешке —7 градус. Алматыда сынап бағанасы күндіз 2 градус нөлден жоғары болса, кешке —1 градусқа дейін салқындайды. Шымкентте – күндіз +13 градус, кешке +8 градус.