Өңірлер

Атырауда 108 нәресте шетінеді: дәрігерлер жас босанған әйелдердің өзін кінәлайды

Дәрігерлер сәби өлімінің көбейгенін мойындап, оның себебі мерзімінен бұрын босану және шала туу деп түсіндірді
Sputnik

АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Атырау облысында сәби өлімінің күрт көбеюінің басты себебі – ата-аналарының денсаулығы, деп мәлімдеді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев.

Атыраудағы сәбилер өлімі: қайғыдан қан жұтқан аналар перзентхананы тексеруді талап етті

Жаңа туған нәрестесінен айырылған әйелдердің облыстық перинаталдық орталықты тексеру туралы талабы бойынша атыраулық дәрігерлер баспасөз мәслихатын ұйымдастырды, деп хабарлайды "Мой город".

Атырау облысында сәби өлімі жиілеп кеткен – былтыр ғана 108 шақалақ шетінепті. Дәрігерлердің айтуынша, басты себеп – ата-аналардың өз денсаулығына үстірт қарауы, бұл жүктілік кезінде қиындықтар тудырып, сәбиге қатты әсер етеді.

"Көбінесе мерзімінен бұрын босанған жағдайда сәби шетінеп кетеді. Мұны жоспарланбаған жүктілік десе де болады. Жүктілікті алдын ала жоспарлап, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау керек", — деп санайды Қуаныш Нысанбаев.

Ол атап өткендей, облыстық перинаталдық орталықта қызмет көрсету сапасы қатаң бақылауға алынған, жүкті әйелдерге сәби денсаулығына қатысты мәселелер толық түсіндіріледі. Себебі нәрестелердің көпшілігі шала туады екен.

Туысы бетінен сүйген соң жаңа туған сәби шетінеп кетті

"Орталықта мерзімінен бұрын босану жайты көбейіп кетті. Оның ішінде салмағы өте аз нәрестелер көп. 2018 жылы салмағы 1,5 килограмға жетпейтін балалар саны 300-ден асты", — деп мәлімет  берді облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әбекеева.

Облыстық денсаулық сақтау басқарамасының штаттан тыс бала дәрігері Райса Баймұханованың айтуынша, былтыр облыста бір жасқа дейінгі 176 бала шетінеген.

"Бұл дәрігерлердің біліктілігі төмен деген сөз емес. Әр сәби өлімі тіркеледі. Ештеңе жасырын қалып жатқан жоқ. Әр жайт мұқият тексеріледі. Бұл мәселемен сарапшы дәрігерлер айналысып, әр оқиғаны толық сараптамадан өткізеді", — деп атап өтті ол.

Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, әйелдердің денсаулығы "мәз емес".