АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмәнов Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеттеріндегі қиындықтардың қалай шешіліп жатқанын түсіндірді. Осы уақытқа дейін мәжіліс депутаттары бекеттердегі ұзақ тексерістерге қатысты сауал жолдаған-ды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нормативтерге сәйкес, шекарадан өтіп бара жатқан бір адамды тексеру үшін — 3 минут, жеңіл автомобильдерге — 15 минут, жүк көлігіне — 25 минут және автобусқа 35 минут жұмсалуы тиіс. Алайда күнделікті тәжірибеде бұдан көп уақыт жұмсалады. Оның үстіне күн сайын Қазақстан-Қырғызстан шекарасы арқылы 18 мың адам және 600 бірлік техника өтеді. Депутаттар осы күнге дейін жаңа бекеттер ашу мәселесін көтерген-ді. Осы орайда, парламент мәжілісінің депутаты Артур Платонов қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.
"Өткізу бекеттері мұның барлығын жылдам тексеріп үлгермейді. Әсіресе, жаз мезгілі кезінде. Бұл жағдайға қатысты қандай шаралар қолға алынды?" — деді депутат.
Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмәновтің айтуынша, тәуелсіздік алғалы қазақ-қырғыз шекарасынан өтетін халықтың саны 8 есе көбейген. 20 жыл бұрын салынған инфрақұрылымдар қазіргі адам мен көлік санына cәйкес келмейді.
"Десе де, соңғы екі жылда жолаушылар легінің алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе азайғанын байқадық. Бүгінде біз өзімізде бар қордың арқасында бұл мәселені реттеп отырмыз. Мұнымен қатар, отырыс кезінде талқыға салынған шаралардың барлығын жуырда тәжірибеге енгізуді жоспарлап отырмыз", — деді Ділмәнов.
Көпжақты бекеттер көбейеді
Бұдан өзге мәжіліс депутаты Роман Скляр Қазақстан мен Қырғызстан арасында екіжақты бекеттерді көпжақты етіп өзгерту туралы келісімге қол қойылғанына тоқталды.
Тағы да оқыңыз: Нығматулин қазақ-қырғыз шекарасындағы кептелісті сынға алды
"Барлық жеті өткізу бекеті көпжақты болады. Осы жылдың басында Қарасу бекетіндегі көпір толықтай жөндеуден өтеді. Ал жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржыны екі мемлекет теңдей бөліп алады. Бұдан бөлек осы жылдың шілде айында пойызды жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз", — деді ол.
Шекараны мал бұзып өтсе не болады?
Келісімнің 24-бабында жануарлар шекараны бұзып өтсе, бұл жағдайды реттеу шекара қызметкерлеріне жүктелетіні туралы жазылған. Дархан Ділмәнов осы жағдайдың қалай реттелетінін түсіндірді. Себебі малдар мемлекет арасында ауру тасымалдауы мүмкін.
Парламент мәжілісі отырысында "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қырғыз Республикасының үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.
Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімге мемлекеттердің шекара ведомстволары басшыларының деңгейінде 2017 жылы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылды. Бұл келісімнің басты мақсаты — екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты реттеу. Келісімде Қазақстан мен Қырғыз шекарасының режимін белгілеп, ұлттық қауіпсіздікті әрі қарай нығайту қарастырылған.