АСТАНА, 9 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Нұргүл Лапин Канада елінде 14 жылдан бері тұрып жатыр. Жергілікті тұрғындар оны Нора ретінде біледі. Көпшілік оның қазақы есімін қате айтатындықтан, шетелдіктердің өзін басқаша атауына қарсы емес. Ол бір кездері шетелге материалдық жағдайын жақсарту мен әйел бақытын сезіну үшін кеткенін жасырмайды. Алдымен, Еуропаға көшіп келіп, кейін Солтүстік Америкаға қоныс аударған. Көп мемлекеттің ішінен Канаданы таңдап алуына да себеп жоқ емес.
Жұмысқа тұру үшін таныс керек болды
Кейіпкердің шетел асып кетуіне 90-жылдардағы Қазақстандағы жағдай тікелей әсер еткен. Айтуынша, ел егемендік алып, өзінің басшысын сайлағанға дейін қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Халықтың әлеуметтік-экномикалық жағдайы тым төмен болды.
"90-жылдардың аяғы бәріміз үшін ауыр тиді. Адамдар есірткі мен ішімдікке тәуелді болып, көбісі жұмыстан шығып қалып жатты. Тыныштық жоқ болды. Ал бір жерге жұмысқа тұру үшін міндетті түрде танысың болуы керек еді. Бұл жағдай менің де, айналамдағы жақын адамдарымның да басынан өтті. Бірақ сол кезде отанда қалған құрбыларым қазір тамаша өмір сүріп жатыр. Олар үшін қуаныштымын", — дейді ол.
Нұргүл жырақта жүріп туған-туыс, ағайынсыз қиналатын кездері болатынын жасырмайды. Себебі, Қазақстанда тұрған кезде көпшілік ортаға үйреніп қалған. Ал жаңа елде бастапқыда араласатын адамдары аз болған. Десе де, Канаданың да өзіндік артықшылықтары бар екенін айтады.
Тағы оқыңыз: Түркия қазағы әке-шешесінің атажұртты сағынып жүргенін айтады
"Бұл елдің бір қызметте көтеріліп, жағдайыңды жасау үшін таныс-тамырды қажетсінбейтіні ұнайды. Канадада еңбекқор, өз жұмысын білетін білікті мамандарды жоғары бағалайды. Ешнәрсе бүлдірмесең, сені ешкім жұмыстан шығарып жібермейді. Ал шамамен 15 жыл бұрын Қазақстанда мұндайға "блат" керек болатын", — дейді кейіпкер.
"Қазақ күйеу табылмады ма?"
Сондай-ақ, Нұргүл шетелге көшіп келудегі басты мақсатының бірі — отбасын құрып, балалы болу болғанын жасырмайды. Болашақ жарымен Канадада тұрып танысқан. Екеуі ұзақ уақыт қыз-жігіт болып жүріп, кейін бір шаңырақ астында тұра бастаған. Алғашқы перзенттері дүниеге келіп, үй салып, аяқтарына нық тұрғаннан кейін ғана некелесуді жөн көрген. Айтуынша, бұл Канада елінде қалыпты жағдай.
"Мен Канадаға күйеуімнің шақыруымен келген жоқпын. Өзім көшіп бардым. Бүгінгі таңда көптеген қыз-келіншек шетелге ер азаматтардың арқасында келіп жатыр. Десе де мен ешуақытта олардың бұл әрекетін сынамаймын. Махаббаттың аты махаббат", — дейді ол.
"Анам бастапқыда "Күйеу бала жақсы екен. Бірақ қазақ табылмады ма?" деп айтты. "Мама, солай болып қалды. Жүрекке әмір жүрмейді" деп жауап бердім. Жалпы ата-анам күйеу балаларына риза. Себебі, олар мен үшін тұрмысқа шығып, балалы болудың қаншалықты маңызды екенін біледі. Расымен де, мен әрдайым бірінші орынға әйел бақытын қоямын", — дейді ол.
Канадада жасы үлкендер де Санта Клаусқа хат жазады
Осы жылы Нұргүлдің өзі де қазақстандықтардың бойынан көптеген өзгерісті байқаған. Қызмет көрсету сапасының жақсарып, адамдардың мейірімдірек бола бастағанын айтады. Барған жерінде қызметкерлер оны күлімсіреп қарсы алып, көмек ұсынатын болған екен. Осы орайда, ол сыпайылық таныту жағынан қазақтар мен канадалықтардың өзара ұқсайтынына тоқталды.
"Канадада да адамдар амандасып, кейін бірден "Қалың қалай?" деп сұрайды. Бірақ бұл сұраққа бар шешілмеген қиындықтарыңды айтып кетудің қажеті жоқ. Алғаш келгенде әріптесім осылай сұрап, мен үйдегі қиындықтарым туралы айтып кеткен болатынмын(Күлді). Кейін ол маған бұл сөздің жай сыпайылық үшін айтылатынын түсіндірді", — деді ол.
Нұргүл әдетте екі ел арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды толық қабылдап, мүмкіндігінше шетелдің дәстүрін құрметтеуге тырысатынын айтады. Осы орайда, ол Канадаға тән мерекелерді халықпен бірге атап өтіп, дәстүрлерге сыймен қарайтынын жеткізді.
"Бұл жерде жасы үлкендер мен кішілер көпке дейін Санта Клаусқа хат жазады. Олардың арасында менің тұңғышым да бар. Тек өткен жылы хат жазуын доғарды. Ешқандай Сантаның жоқ екенін түсінсе керек. Бірақ қандай жағдай болмасын, шетелдің салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын құрметтеймін", — дейді ол.
Нұргүл Канадада қазақтарға қарағанда, қырғыздардың көп екенін айтады. Яғни мереке сайын айыр қалпақты ағайындармен бас қосып, отанға деген сағынышты басып отырады. Өзі де көпке дейін қазақтар ассоциациясын құруды ойлап келген. Бірақ тіршілік қамымен жүріп бұл тілегін әзірге жүзеге асыра алмай отыр.
"Мен аралас некеде тұрып жатсам да, мұнда таза қазақ отбасылар бар. Біз барлығымыз ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүрлеріміз бен тарихымыздың балаларымызға жеткенін қалаймыз. Өкінішке қарай, мен де, осы жердегі өзге қазақтар да көп уақытын жұмыста өткізетіндіктен, мұның реті келмей жатыр. Оның үстіне басқа қалаға көшіп кеткен жайымыз бар. Соңғы рет осы жердегі қазақтармен желтоқсан айында бас қостық", — дейді ол.
Канада мен Қазақстанның айырмашылығы қандай?
Нұргүл елден 14 жыл бұрын көшіп кеткендіктен, Канаданы сол кездегі Қазақстанмен ғана салыстыра алады. 90-жылдардың басында елде пара беріп-алудың көп болғанын еске алды. Ал Канадада керісінше мұндайға жол бермей, бірден соттаса кетеді екен.
"Осы күнге дейін бірде-бір рет біреу пара берді немесе алды дегенді естімеппін. 7-8 жыл бұрын жол ережесін бұзғанымда маған полицияның ескерту қағазын бергені есімде. Бұл жерде полиция қызметкеріне пара беру деген жоқ. Бірден айыппұл жазады. Мұнда көліктердің нөмірінің аю формасында болатыны рас. Әдетте әр провинцияның өзінің ерекше осындай белгісі болады", — деді ол.
Кейіпкердің айтуынша, Канададағы сауаттылық көрсеткіші — 99%. Яғни білім алуға жасы жеткендердің барлығы сауатты. Сондай-ақ, ол бұл көрсеткіштің жоғары болуы негізінен иммигранттармен байланысты екенін айтады. Себебі, Канада халқының көп бөлігін шетелден көшіп келгендер құрайды. Ал ел территориясына көшіп келіп қоныстану үшін міндетті түрде жоғары білім керек.
"Әдетте Канадаға отбасылы адамдарға көшіп келу оңай. Мен жалғыз болғаныма қарамастан, жоғары білімімнің болуы үлкен рөл ойнады. Себебі, мұнда түбегейлі көшіп келу үшін сенде міндетті түрде кемінде 5 жыл оқыған жоғары білімің болуы керек", — дейді ол.
Нұргүл Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина университетін тәмамдаған. Мамандығы — провизор. Қазір де денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Ол өзін басқа салада мүлдем елестете алмайтынын айтады. Бос уақытында өзі ерікті ретінде тіркелген деменцияға шалдыққан қарияларға көмектесетін ұйымда жұмыс істейді.
"Соғымды сағынып жүрмін"
Бұдан бөлек Нұргүл Қазақстан мен Канада тағамдарының арасында айырмашылықтың көп екенін айтады. Әсіресе, шетелдің еті көп ұнай бермейді екен.
"Дәл қазір маған соғымның еті жетіспей жүр. Канадада тағамдардың дәмі біртүрлі жасанды секілді болып тұрады. Аса дәмді емес. Еттері біздің соғым секілді майлы емес. Негізінен жергілікті тұрғындар дүкеннен қатып тұрған тағамдарды әкеліп жылытып жей береді. Ал бұл денсаулыққа өте зиян. Сондай-ақ, Канадада жеміс-жидекті өте аз жейді. Бұл негізінен олардың қымбат болуымен байланысты болса керек. Бірде саябаққа барып демалып отырғанымда жаныма бір топ бала жүгіріп келді. олардың барлығы алдымда тұрған жемісті жегісі келген екен", — дейді Нұргүл.
Өкінішке қарай, ол сағынышын басу үшін Қазақстанға жиі келе алмайтынын айтады. Бұл бірінші кезекте ұшаққа билет пен виза бағасының қымбат болуымен байланысты. Десе де, екі елдің аз уақытқа визасыз режим енгізгеніне қуанышты.
Бір өкініш…
Нұргүл, сондай-ақ, Қазақстандағыдай мол дастархан жайылатын тойларды сағынатынын айтады. Канадада той жасау қымбат. Сондықтан да көп жас жұбайлар бұл ерекше күнді тек жақын адамдарымен өткізуге тырысады. Өздері де бұл күнді жақын достарының арасында атап өтуді жөн көрген екен. Мейрамханада үстелге тапсырыс беріп, шіркеуден шыққаннан кейін фотосессия жасаған. Тойларын бұлай қарапайым етіп өткізулеріне негізінен ауа райының суықтығы әсер еткен. Тек бұл қуанышты ата-аналары жандарында болып, бірге атап өте алмағаны үшін ғана өкінеді.
Канадада өзге дамыған мемлекеттердегідей отбасы институтын жоғары бағалайды. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар қалаған уақытта ажырасып кете алмайды. Сот оларға, алдымен, бір жыл бөлек тұрып көруге уақыт береді.
"Мен сүйіктімді некелеспес бұрын жақсылап танығым келді. Себебі, мен тұрмысқа шыққан кезде 18 жастағы қыз емес едім. Оң-солымды танып, отбасын құруға саналы түрде келдім. Бірге тұрып, саяхаттап, тынымсыз тіршіліктің қиындықтарын бірге өткердік. Тіпті, үйімізді салып біткеннен кейін бірақ отбасын құрдық", — деді ол.
Нұргүл аталған елде үй сатып алудың айтарлықтай қымбат екенін айтады. Көбінесе отбасылар банктен үй алу үшін қарыз алып, біраз жылға дейін оны өтейді. Кейін қартайған шақта осы үйлерін сатып, балаларына және өздеріне қажетті дүниелерге жұмсайды.
"Отанымды сағынған кезде күй тыңдағанды жақсы көремін. Жуырда қазақ тілінде фильм көрдім және барлығын түсіндім. Шыны керек, Канадада жүрген кезде қазақша сөйлеуге қиналамын. Ал Қазақстанға келсем, өзгеріп сала беремін. Бұл бойда аққан қанның әсері болар. Қазақстандықтар, жалпы адамзат бірлікте тұрғанын қалаймын. Ұлт пен дінге бөлінбей, бір-біріне түсіністік танытса екен деймін. Бейбітшілік бар жерде бақыттың да болатынына сенімдімін", — деп тілек білдірді шетелдегі қазақ қызы.
Кейіпкер балаларының шетелде туғанына қарамастан, туған тілі мен тарихын біліп өсетініне сенімді. Осы орайда, Канадада қазақтардың басын қосатын ұйымдар ашуды жоспарлап жүр.