Қоғам

Жаңа жыл мерекесінде Қазақстанда 39 адамды қасақана өлтірді

Жаңа жылдың алғашқы аптасында 5 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген
Sputnik

АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. Жаңа жыл мерекесі кезінде Қазақстанда 39 адам қасақана өлтірілген. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі. 

Сүлейменовтің ақпаратынша, жаңа жылдың алғашқы жеті күнінде Қазақстанда 5 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелді.

Жаңа жыл түнінде туған ұлын пышақтап өлтірген әйелге сот үкімі шықты

"Оның 39-ы – қасақана кісі өлтіру, 46-сы – денсаулыққа ауыр зиян келтіру", — деді министрдің бірінші орынбасары ОКҚ-де өткен брифингте. 

Ол ауыр қылмыстың бәрі тұрмыстық сипатқа ие екенін, ішімдік ішкен туысқандар арасында жасалғанын атап өтті. Қылмыстың басым бөлігі әшкереленген. 

"30 адам өлтіру оқиғасы мен 45 денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі ізін суытпай ашылды", — деп толықтырды Сүлейменов. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, Жаңа жыл мерекесі кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеген. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 20 мың қызметкер, соның ішінде патрульдік полицияның 7 мың қызметкері мен Ұлттық ұланның 5 мың әскери қызметшісі жұмылдырылды. 

Сонымен қатар, өткен жылды қорытындылаған Сүлейменов Қазақстанда ауыр қылмыс 22%, аса ауыр қылмыс 12%, орташа қылмыс 6%, аса ауыр емес қылмыс саны 10%-ке азайғанын атап өтті. 

Ал тонаушылық 14%, бұзақылық 23%, ұрлық 6%, қарақшылық шабуыл 15%-ке төмендеген.