Өңірлер

Қарағанды облысы әкімі қаза тапқан жігіттің туыстары және қала тұрғындарымен кездесті

Билік өкілдері жаңа жыл түні қаза тапқан жас жігіттің отбасына оқиғаны айқын тергеуге уәде берді
Sputnik

ҚАРАҒАНДЫ, 6 қаңтар — Sputnik. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов жаңа жыл түні жаппай төбелес салдарынан ажал құшқан жігіттің туыстары және қала тұрғындарымен кездесу барысында оқиғаны ашық әрі айқын тергеуге уәде беріп, тергеу барысы туралы айтты.

Қарағандыдағы қанды оқиға: армян диаспорасы қаза тапқан жігіттің отбасынан кешірім сұрады

Қала тұрғындары мен билік өкілдерінің кездесуі таңертең полиция департаменті ғимаратының алдында өткен, кем дегенде екі жүз адам қатысты, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов жиналғандарға тергеу барысы туралы толығырақ айтып, әрі қарай қандай шаралар қолданылатынын мәлімдеді және тергеудің ашық әрі айқын өтетініне уәде берді. Оқиғаны тергеуді еліміздің бас прокуроры өз бақылауына алған.

"Арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Айыптылардың бәрі жазасын алады", — деп сендірді Қошанов.

Сонымен бірге облыс басшысы хабарлағандай, қазір қылмыс бойынша сегіз күдіктінің жетеуі ұсталған. Біреуіне халықаралық іздеу жарияланды. Полиция оны іздеп табу үшін барлық амалды орындап жатыр.

Қарағандыдағы қанды оқиға: полиция ұлтаралық алауыздық туралы іс қозғады

Ерлан Қошанов тағы бір мәрте атап өткендей, екі топ арасында 1 қаңтарға қараған түні туындаған кикілжің ұлтаралық сипатта болмаған. 

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жайтқа байланысты әлеуметтік желіде түрлі қауесеттер мен арандатушы мәліметтер тарап кетті.

"Жалған ақпарат тарату үшін ҚР ҚК 274-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған (5 000 АЕК айыппұл немесе сондай көлемде түзету жұмысына салу, немесе 7 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру)", — деп ескертті әкімдік.

Қазір, полиция мәліметінше, Қарағандыда ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген. Қаладағы ахуал тұрақты.